Тараз қаласын тіршілік нәрімен қамтып отырған аумақтың өзі ауыз суға жарымай отыр

31.03.2021 20:41

Қызылабадтық елдің қордаланған мәселесі мұнымен бітпейді

Almaty.tv

Тараз қаласын тіршілік нәрімен қамтып отырған аумақтың өзі ауыз суға жарымай отыр. Қызыл Абад шағын ауданындағы халық, қара судан қағылдық деп редакциямызға хабарласты. Тұрғындар жан бағу үшін қазған құдығымыздан да су шықпай қалды деп мұңын шақты. Жұрт жылдар бойы жергілікті биліктен көмек сұрап келген. Бірақ еш нәтиже жоқ екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қызылабадтық тұрғындар қыс мезгілі келсе болды, төрт ай бойы тіршілік нәрінен тарығады. Оған алғашқы себеп орталық су жүйесінің болмауы. Одан соң құдықтағы жер асты суының тартылуы. Ең сорақысы сол, алқаптың дәл маңында сусорғы бар. Бірақ соған қарамастан бұл аумақтағы жұрт ауыз суға жарымай отыр.

«Суды құдықтан ішіп отырғанбыз өзіміз қазып. Енді қыстан бері бұл суымыз тартылып кетті. Мүлдем сусыз отырмыз. Қаладан тасимыз. Көрші ауылдарға барып алып келеміз. Балаларымыз қиналып жатыр. Не кір жуа алмаймыз, не ішкенге де жарымаймыз», – деді қала тұрғыны Баян Ахажанова.

Шаһар шетіндегі шағын аудан тұрғындары атқарушы билікке алақан жаймай, әр аулаға құдық қазып алар едік дейді. Бірақ тастақты жерде баспа құдық суы тек 15 метрден шығады екен. Сондықтан ол ағайынға арман болып отыр. Мұндағы жұрт су алу үшін «Құмшағал» алқабына, қала берді қалаға сандалуға мәжбүр. Ал, қала билігі азапты күндерден арылар күн алыс емес екенін айтады. Құжат дайындап, биыл алқапқа ауыз су апарамыз деп уәде беріп отыр.

«Осы ауыл бар, жалғыз бұл емес тағы 28 саяжай бар. Соған су мына су арнасынан тартылады. Осыдан биыл тартылады», – деді Тараз қалалық №11 округтің бас инспекторы  Мұрат Аққұлиев.

Қызылабадтық елдің қордаланған мәселесі мұнымен бітпейді. Жиі өшетін жарығы мен интернеттің мәселесі өз алдына өзекті. Біреуін шеше алмай жатқан жергілікті билікке екіншісін айту әзірге «ерте» сияқты дейді көпшілік.  

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан