Қазақстанда өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру қайта қарқын алады. Аталған шараны іске асыру үшін Үкімет бірқатар маңызды шараларды қолға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді жергілікті билік құзыретіне әлеуметтік қолдау бағдарламаларын іске асыру, бюджетті жоспарлау, инфрақұрылымдық жобаларды басқару сынды өкілеттік беріледі. Ал аймақтардағы шешілуі тиіс мәселелерді облыс, аудан өз деңгейінде шешуге мүмкіндік алады. Мұнымен қоса, қазіргі таңда маңызды бастама шеңберінде бюджеттің 4-деңгейлі кірістерінің базасын кеңейту көзделіп отыр. Ауылдық округтер салық пен төлемдердің азайтылған түрін төлейді.
– Жаңа бюджет кодексі жобасына сәйкес, салықтық және салықтық емес түсімдердің кейбір бөліктері республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беру қарастырылған. Бюджет аралық қатынастардың тұжырымдамасына сәйкес, тұрақты сипатты, сыртқа факторларға тәуелді емес және белгілі бір аумаққа бекітілген салықтар жергілікті бюджетке түседі, – деді ҚР ҰЭМ Бюджет саясаты департаментінің бас сарапшысы Нұрболат Сырбеков.
Заңнама ауыл әкімі мен жергілікті жердегі мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді. Салықтар мен төлемдердің түрін бюджеттің төртінші деңгейіне ауыстыру да жоспарланған. Министрлік маманы қолданыстағы заңнамалық базаны өзгерту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Ал сарапшылар бастаманы өңір-өңірлер үшін аса тиімді құзырет деп санайды.
– Әлеуметтік, инфраструктуралық мәселелер жергілікті жерде жақсы шешіледі. Жамбылдағы ауылда су жоқ болса, мәселе аудан, облыс, республика көлемінде қаралып, ақша бөлінетін. Енді өкілеттікті жергілікті билікке беретін болсақ, оларды қаржымен қамтамасыз етсек, мәселені ауылда шешіледі, – деді сарапшы-экономист Сапарбай Жобаев.
Оқи отырыңыз: Жол жоқ: Алматы облысына қарасты саяжай тұрғындары сотқа жүгінбек