Өнер майталмандары қазақстандықтарды мейрамымен құттықтады

22.03.2022 в 01:11

Өнер жұлдыздары әрбір шаңырақтан ырыс-береке кетпей, еліміз аман болсын деген тілегін айтты

«Жарқын болашағымыздың кепілі - Жаңа Қазақстан!». Осылай деген еліміздің халық әртістері мен өнер майталмандары да қазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Әрбір шаңырақтан ырыс-береке кетпей, еліміз аман болсын деген тілегін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

«Құрметті халайық, құрметті қазақстандықтар! Келіп жеткен Наурыз мерекесі құтты болсын! Елдің бірлігі бұзылмасын, елдің іргесі бүтін болсын. Бәріміз аман болайық. Жылдан жылға отбасыларыңызбен жақсылықтарға жете беріңіздер. Армандарыңыз орындалсын!», - деді Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова.

«Ұлы даламыздың төл мерекесі – Наурыз мейрамы құтты болсын! Бүгін міне, жарқырап, күн шығып тұр. Елдің жүзі жадыраңқы, жаз келе жатыр. Оның бастамасы – Наурыз мейрамы. Болашағымыз жарқын болсын! Жаңа Қазақстан құрайық. Бәріміз бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, елімізді қолдап, барлық жағдайды жасауға тырысайық. Әркім өз орнында қазақ халқына еңбек етуді жазсын», - деді «Дос-Мұқасан» ансамблі.

«Қымбатты да, қадірменді қазақ елі, жалпы түркі елі, әз-Наурыз құтты болсын! Ең бастысы, әлемде тыныштық болсын! Ынтымағы, бірлігі жарасқан, алдыңғы қатарлы, үлгілі болуымызды Алла Тағала нәсіп етсін. Әр жанұяда береке-бірлік болсын, денсаулық болсын. Наурыз құтты болсын! Жылдан жылға аман-есен жете берейік. Ақ мол болсын!», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова.

«Бүкіл Қазақстан бойынша Наурыз тойланып жатыр. Ерекше атмосфера сезіледі. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын дейміз. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, еліміз аман, жұртымыз әрдайым тыныш болсын дейміз. Наурыз мерекесі құтты болсын!», - деді «Алашұлы» тобы.