Қайтарымсыз несие алғандар қазір нендей кәсіппен айналысуда?
Алматының Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығынан 25 мың ана түрлі бағыттағы оқу курстарынан өткен. Мекемеге қиын жағдайда келіп, бүгінде бизнесмен атанған келіншектер көп. Аталған орталық оларға қандай қолдау көрсетті? Қайтарымсыз несие алғандар қазір нендей кәсіппен айналысуда? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.
Айнұр Сахипкереева – көпбалалы ана. Айтуынша, бір жыл бұрын үй-жайынан айырылып, ауыр жағдайда қалған. Күн көріс қамын іздеген ол ғаламтордан Алатау аудандық «Бақытты отбасы» жайлы ақапаратқа тап болыпты. Бастапқыда еден жуушы болып нәпақасын тауып жүрген ол кейіннен әлеуметтік жұмысшы лауазымына көтерілген. Одан соң тігін тігу сабақтарына қатысып, кәсіби дағдысын арттырған. Ал бүгінде көпбалалы ана 2 миллион 200 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз нессие ұтып алып, өзінің тігін кәсібін бастамақшы.
«Үйімізді банк тартып алып, алты баламен далада қалғанымда Ақмарал апайға келген болатынмын. «Бақытты отбасы» орталығына бір жыл бұрын келіп, өстіп өсіп, дамып, білмегенімді үйреніп, тұрмыстық жағдайымды да түзеп, отбасылық жағдайымды да түзеп, көтерілдім», – деді көпбалалы ана Айнұр Сахипкереева.
Айнұр ханымның тұлғалық қалыптасуына куәгер болып отырған орталық нәтижелік көрсеткіштері қала бойынша бойынша бірінші орында. Мұнда 4 бағыттағы базалық тренингтер өткізіледі. Одан бөлек, бала тәрбиесі, кәсіпкерлік негіздері мен бір күндік ынталандыру курстары да қарастырылған.
«Шын мәнінде аналар қауымы өсіп жатыр. Алғаш келгенде көзінде мұң байқалғандардың бүгінде жанары отты. Олардың өмірі біздің көз алдымызда өзгеруде», – деді Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Бәсірова.
«Бақытты отбасы» орталығы аз қамтылған және көпбалалы отбасы аналарына жан-жақты қолдау көрсетеді. Мекеменің әр аудандағы бөлімшесіне кез келген көпбалалы ана өтінім тастай алады. Олармен психологиялық жұмыс жүргізіліп, икеміне қарай түрлі бағыттағы оқыту курстары өткізіледі.
«Бақытты отбасы» орталықтарының негізгі мақсаты – отбасының өмір сүру деңгейін көтеру. Біз «сенің қолыңнан келеді, мынаны сен істей аласың» деп көзін ашамыз. Ары қарай ол талпынып алып кетеді», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Нұржамал Рысқұлова.
Айта кетейік, биыл қала бойынша 888 адам 555 мың теңгеге дейінгі қайтарымсыз несие алған. Осы бағытта 2 956 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздері сабағын өткен. Одан бөлек, тағы 203 көпбалалы ана 5 миллион теңгеге дейін грант иеленген.
Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы
ГРАФИКА-1
Базалық тренингтер:
Тұлғалық даму 4 439;
Бала тәрбиесі 13 312;
Көшбасшылық негіздері 2 321;
Отбасылық құндылықтар 1 718.
ГРАФИКА-2
Көпбалалы отбасыларға арналған оқыту курстары:
Бір күндік ынталандыру сабағы 3 587;
«Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері 1 200;
Бизнес-идеяны құру алгоритмі 12 481.
ГРАФИКА-3
888 адам 555 мың теңгеге дейінгі қайтарымсыз нессие алған;
557 мыңы өз кәсібін ашқан;
ГРАФИКА-4
203 көпбалалы ана 5 миллион теңгеге дейін грант алды
Жалпы сомасы - 406 млн теңгені құрайды.