Қазақстанда отбасы цифрлық картасы іске қосылды

08.01.2023 01:12

Онда 6,3 млн отбасының арнайы портреті қалыптастырылған

Фото: kartinkin.net

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап отбасы цифрлық картасы іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа жасалған отбасылық цифрлық картада 19 млн қазақстандықтың ақпараты жинақталыпты. 6,3 млн отбасының арнайы портреті қалыптастырылған. Азаматтардың әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй ахуалы, тұрмыс деңгейі талданады. Бір сөзбен айтқанда, сіз мемлекеттен қандай да бір көмек түрін алуға  құқылы болсаңыз, содан ақпар беріп отыратын электронды хабарлаушы іспетті.

«Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету туралы келісім әлеуметтік алушыға смс хабарлама келеді. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы төлемдер немесе мемлеттік қолдаудың басқа да түрлері тағайындалып кейін есепшотына аударылады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  басқарма басшысы Айдар Қасенов.

Жаңа жүйенің тиімділігі сол әр отбасы тиісті төлемдерді өтініш бермей-ақ, түрлі кабинеттердің табалдырығын тоздырмай-ақ, автоматты түрде ала алады. Бұл мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Цифрлық карта арқылы әр жанұядағы адам санын, әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысын, жұмысқа жарамсыз жандардың бар-жоғын, баспана, денсаулық жағдайын дер кезінде анықтайды.

«Бұған дейін бізде отбасына берілетін жәрдемақы немесе көмек түрі болсын оған тиісті анықтама алып, дәлелдеме жасап, көрсетіп жүретінсің. Оның жұмысы қарапайым азаматтар үшін біраз әуре-сарсаң еді. Енді бұл мәселенің шешімі цифрлық карта іске қосылса табылары анық. Азаматтарға тиімді тұсы - осы», – деді әлеуметтанушы Әнуар Керімбаев

Тағы бір жаңалық, жаңа жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызмет тізбесі кеңейтіледі. Келер жылы денсаулық сақтау және білім беру қызметінде мемлекеттік кепілдіктер енгізілмек. Ал 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы