Теректі тұрғындары тозығы жеткен құрылыс нысанын бұзуды талап етуде

Теректі тұрғындары тозығы жеткен құрылыс нысанын бұзуды талап етуде
Аталмыш құрылыс нысаны Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа тиесілі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кезінде жылу жүйесін реттейтін ғимарат болған мекеме қазір қоқыс алаңына айналған. Қаңғыбастар өріп жүретін нысан осы күнге дейін халықтың үрейін ұшырып тұр. Ал аталмыш құрылыс нысаны еліміздің Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа тиесілі болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Кеше балаларым ойынға кеткен. Келсем осында жүр. Ғимараттың екінші қабатына шығып алған. Ол жердің бәрі ашық-шашық. Байқаусызда аяғы тайып кетсе, құлап түседі. Көп бала жүр. Бір шетінен қорқасын, біраз бұрын осы жерде бір қыз асылып өліпті», - дейді Зарина ҮСЕНОВА.

«Ит те жүреді, қоқыс та тасталады. Қорқынышты, таңертең балаларымыз ерте кетеді мектепке, қорқады бәрі. Ішкіштер көп жиналады», - дейді Нұрзия ТОҚТЫБАЕВА.

Сәуле Қамашева Теректі елді мекенінде 19 жылдан бері тұрып келеді. Кеңес дәуірінен келе жатқан бұл жылу жүйесін реттейтін үлкен ғимарат осы күнге дейін қаңырап бос тұр дейді. Іші қоқысқа толған құрылыс нысанынан жаман иіс те шығады. Қараусыз қалған жер болғандықтан, мұнда маскүнемдер көп жиналады екен. Бұл ретте тұрғындар осы жолмен мектепке барып келетін балаларына алаңдаулы.

«Бізді алаңдататын мәселе – осы ғимаратты қоршаса дейміз, немесе басқа бір іс-шара қолданса дейміз. Біз салауатты өмір салтын сүргіміз келеді. Алматы қаласына өткендіктен, өркениетті елде өмір сүріп жатқандықтан, біз алаңсыз әрі қауіпсіз өмір сүргіміз келеді», - деді Сәуле ҚАМАШЕВА.

Қараусыз қалған қос қабатты ғимарат атақты актер Тұңғышбай Жаманқұловқа тиесілі болып шықты. Алатау аудандық жергілікті өзін-өзі басқару комитетінен аймақтың тазалығы бойынша ол кісіге бір емес, бірнеше рет ескерту жасалған екен. Әйтсе де, әзірге еш шара қолданылмаған.

«Меншік иесінің құзырында ғой енді, сатады ма, әлде басқаша бір жұмыс орнын ашатындай жағдай жасап бере ме. Негізі біздің ықшамауданда жұмыс орындары өте қажет. Қазіргі таңда біз аудан болып, осы жердің тұрғындары болып тазалық жұмыстарын жасап отырамыз. Бірақ меншік иесі бір шарасын қолданып, осы мәселені түбегейлі шешіп берсе екен», - деді Алатау аудандық жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Әбілахат ЖАПАҚ.

Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов өз кезегінде мұнда қоршау да, қарауыл да болғанын айтты. Зауыт салмақ ниетпен ертеректе алынған бұл мекемені іске қосуға өзінің қаражаты жетпейтіндігін де мәлімдеді. Алайда жақын уақытта бұл мәселенің шешімі табылады деп сендірді.

«Бір инвестормен келісім шартқа қол қойдым. Жақында іске кіріседі. Бұрын қоршалып тұрған жер еді ғой, тұрғындар өздері тонап кетті бәрін. Сондықтан сәл шыдасын. Мен ешкімге ешқандай қиянат жасағаным жоқ. Бұл сатып алған жерім, тек қазір қаражатым болмай, іске асыра алмай отырмын. Жақында болады», - деді ҚР Халық әртісі Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ.

Тұрғындар болса, егер де ешқандай шара қолданылмаса, Президентке хат жолдауға дейін бармақ. Қысқасы, «балаларымыздың қауіпсіздігі үшін бәріне дайынбыз дейді.

Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров