Тіл жанашырлары Алматы қаласында мемлекеттік тілдің қолданылуына байланысты мониторинг жүргізді. Жалпы сауда орындарында, қоғамдық жерлерде тіл туралы заңнамада белгіленген талаптар қаншалықты сақталып отыр? Арнайы құрылған топпен шаһардағы бірқатар нысанды аралаған Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатып айтады.
Алматыда қазақ тілінде қызмет көрсетудің сапасын бақылау мақсатында құрылған арнайы топ бүгін шаһардағы бірқатар нысандарды аралады. Тексеріс барысында бірнеше заңнамалық талаптар басты назарда болды. Мәселен, тұтынушыға ұсынылатын тауар туралы мәлімет екі тілде болуы қажет. Ал, кәсібін дөңгелетіп отырған шағын және орта бизнес өкілдері нұсқаулықтарды тек орыс тілінде жазып қойған.
Қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінде сатылымға қойылған мына көлікті кіреберістен көзіміз шалды. Қызығушылық танытып, сатып аламын деген тұтынушы үшін көрсеткіште тауардың аты мен құны тек орыс тілінде жазылған, қазақша мүлдем ақпар жоқ. Ал 1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасында кез келген деректемелер мен көрнекі ақпараттар бірінші қазақ тілінде, кейін орыс тілінде берілуі қажет.
Бақылау кезінде көптеген сауда орындарының атауы, тауарлық таңбалары және хабарландырулар мен жапсырмалар да өзге тілдерде берілгенін анықталды. Мониторинг тобының мүшелері сатушыларға заңды түсіндіріп, олқылықты түзетуге кеңес берді. Ең сорақысы, сирек кездескен қазақша жазулардың өзінде қателер өріп жүр. Мұны байқаған тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің мәртебесі түсіп бара жатыр деп алаңдайды.
«Егер біз осылай мойнымыз салбырап жүре берсек, қай тілде болса да, маған бәрібір ғой деп, ертең барлық жерге қытайша жазып қояды да, отыра береді олар. Сондықтан, менің ойымша, барлық азаматтар саналы түрде заңды ұстана отырып, мәдениетті түрде, бірақ өзінің құқығын талап етуі керек. Тұтынушының құқығын талап етуі керек. Бірақ қазір мынаны қарап шыққан уақытта жағамызды тағы ұстадық. 99 пайыз жерде қазақ тіліндегі ақпарат жоқ», – деді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім.
Сауда ойын-сауық орталығын аралаған бір сағат уақыт ішінде ескертуді елегендер де табылып, қызметін қазақ тілінде ұсына бастады. Игі бастама тек «Тіл туралы заңнаманы» көпшілікке түсіндіру арқылы нәтиже береді дейді мамандар. Ал, кейін қайталанса, ескертулер жасалып, ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салынатын болады.
«Біздің мақсатымыз – тіл туралы заңның талабын сатушыларға, қызмет көрсетушілерге түсіндіру. Содан кейін сол байқалған кемшіліктерді түзету жөнінде кеңес беру. Яғни, көпшілігі білмейді. Көпшілігі біз осылай аралаған кезде, біз бұл туралы білмеппіз, бізге дейін осыны ешкім айтпап еді деп жатыр», – деді қалалық Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.
Екі апта бұрын басталған бақылау жұмыстары өзге де сауда орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарында, сондай-ақ, медициналық мекемелер мен әмбебап дүкендерде де жүргізілетін болады. Осылай мониторингтік топ 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет көрсетудегі олқылықтарды түзету бойынша ұсыныстарды қала билігіне жолдамақ. Сәйкесінше, әкімшілік тиісті шараларды жүзеге асыратын болады.
Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» арнасы