Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Айжан Нұрланова Алматыға іс сапарында осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол қалалық жұмыспен қамту орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу деңгейін, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қандай жағдай жасалып жатқанын көзбен көріп, бағасын берді. Жас мамандарға ынталандыру және жұмыста жағдай жасау мәселесін көтерді. Өз атынан мекеме қызметкерлерінің ұсынысын министрлікте міндетті түрде қарастырамыз деп уәде етті.
«Халықпен кездесу арқылы осы мемлекеттік бағдарламалардың қаншалықты жұмыс жасап жатқанын, қаншалықты дұрыс жұмыс жасап жатқанын, қаншалықты қолжетімді болып жатқанын көзбен көру өте маңызды болғандықтан, қазір аймақтарды аралап жүрміз. Әлеуметтік сала қызметкерлері пандемия кезінде ең көп жұмыс жасап жатқан азаматтар осы кісілер болғандықтан, министрдің атынан бұл кісілерге үлкен алғыс», – деді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Айжани Нұрланова.