Еліміздің барлық өңірін қамтыған Х Азаматтық форум Алматыда өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауқымы кең қорытынды жиында демократиялық қоғамның дамуы, азаматтық орта қалыптастырудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі талқыланды. Сондай-ақ ең үздік үкіметтік емес ұйымдар 15 бағыт бойынша салтанатты түрде марапатталды.
Биыл 10-рет өтіп жатқан Азаматтық форум ұйымдастыру жағынан да, мазмұндық жағынан да өзгеше. Шараға арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі биылғы форумның бірқатар ерекшелігіне тоқталып, қатысушыларға алғыс білдірді.
«Форум өңірлік емес ұйымдардың маңызын аша білді. Кәсіби үкіметтік емес ұйымдар тек ірі қалаларда ғана емес, барлық өңірде, соның ішінде шалғай аудандарда белсенді екенін көрсетті», – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Форумның пленарлық отырысында ауылдағы азаматтардың бастамаларын дамыту мәселесі қаралды. Мәселен, жиынға Шығыс Қазақстан облысы Шымкент қаласы сияқты өзге де өңірдің қоғам белсенділері келген. Олар өз елдімекеніндегі қоғамдық ұйымдар арқасында білім, туризм, экология, әлеуметтік даму саласында атқарылған қыруар шаруаны айтып, қуана бөлісті.
«Негізгі мәселе, не үшін халық Қатон-Қарағайдан көшеді. Біріншіден, тұрақты табыс көзі жоқ. Сол себепті тұрғындарды қонақүйлер ашуға үйретіп, оларға арнайы грант беріп, туризмді дамыту арқылы экономиканы көтеріп жатырмыз», – деді «Қатон-Қарағай ауданының тұрақты дамуы» ҚҚ атқарушы директоры Серік Жүнісов.
Жалпы, мұндай маңызды шараның дәл Алматыда өтуі тегін емес. Себебі азаматтық қоғамның дамыған институттары осы Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыда қалыптасып, дамыды. Елімізде алғаш құрылған үкіметтік емес ұйымның алтауы оңтүстік астанада орналасты. Алғашқыда елімізде 57 ұйым тіркелген болса, қазір оның саны 14 есеге өсіп, шамамен 23 мыңға жуықтаған. Тәуелсіздік алған соң қоғамдық бірлестіктер туралы, қоғамдық кеңестер туралы заңдар қабылданды. Соңғы жылдары әлеуеметтік-саяси сала дамып, партияларды тіркеу шегі төмендетілді, әйелдер мен жастардың үлесі ұлғайтылды. Пандемия кезінде жалпыхалықтық азаматтық белсенділік артты. Соның негізінде «Волонтерлік қызмет және қайырымдылық туралы» заң жобасы қабылданды.
Бұдан бөлек, шара барысында биыл алғаш рет 15 номинация бойынша «Таңдау» сыйлығымен әлеумет пен қоғам өміріне белсенді үлес қосқан азаматтар марапатталды.
«Біздің орталық ерекше балалары бар аналардың басын біріктірді. Тәуелсіздік алған жылдары көп дүниеге қол жеткіздік. Біз жалпы білім беретін мектептерде тірек-қимыл жүйесі ауытқыған балаларға арналған сыныптардың ашылуына ықпал еттік. Сондықтан инклюзивті білім беруді дамыту аталымына біз әбден лайықпыз деп ойлаймын», – деді «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі жанындағы мүгедек балаларға арналған орталықтың басшысы Мирует Санқаева.
«Мүгедектігі бар тұлғаларға, олардың отбасыларына түрлі білім беру саласында, әлеуметтік салада, медицинада жобаларды тек мемлекет тарапынан емес, үкіметтік емес ұйымдар да атқаруда. Сондай ұйымдар осы Азаматтық форум аясында бағаланып, үлкен нәтиже беріп отырғаны қуанышты жағдай», – дейді «Азамат әлеуеті» қайырымдылық қорының Президенті Алмагүл Сейсенова.
Сондай-ақ шарада адам құқығы мен бостандығын қорғау, халықаралық ынтымақтастық мәселелері 30 жылда қалай дамып, жетілгені сөз болды. Айта кетсек, 10-шы Азаматтық форум ел астанасында осыдан бес күн бұрын басталып онлайн форматта өткізілген еді. Бүгін форум 150-ден астам делегаттың қатысуымен Алматыда қорытындыланды. Жалпы шараға 20 мыңнан астам адам қатысып, белсенділік танытты.
Назкен Еркін Сағынғали Мұңайтпасов. «Алматы» телеарнасы