«Дикий Арман» тобы 24 бейбіт тұрғынды күштеп ұстап, біреуін ұрып өлтірген

08.02.2022 01:13

Бас прокуратура қаңтар оқиғасынан саяси экстремизмнің айқын белгілері анықталғанын айтты

Қаңтар оқиғаларының себептері мен салдарын тергеу кезінде саяси экстремизмнің айқын белгілері анықталды. Бұл туралы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Р. Ожаровтың айтуынша, тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындары, қозғалу бағыттары WhatsApp және Telegram арқылы үйлестірілген қазақстандық чаттар арқылы анықталған. Ал тергеу изоляторында кездейсоқ адамдар жоқ деп мәлімдеді бас прокуратура өкілі. Тек ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы айғақтары барлар ғана қамауға алынған. Жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырды және оларға қатысты деген күдікпен 467 адам қамауда отыр. Арасында екі әйел мен тоғыз кәмелетке толмаған балалар болған.

«Біз олардың жеке басын, отбасылық жағдайын, жасын, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесін, істеген ісіне көзқарасын және басқа да сипаттайтын деректерді мұқият зерттейміз. Осы факторларды талдауды ескере отырып, арнайы прокурорлар 76 күдікті тергеу изоляторынан босатты. Қамауға алу ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттемемен, үйқамақпен және жеке кепілдікпен ауыстырылды», - деді ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров.

Сонымен қатар Алматы және Жамбыл облысы полиция департаменттерінің қызметкерлері қару-жарақ пен ғимараттарды қарсылықсыз тастап кеткені белгілі болған. Осылайша, бүлікшілердің қолына 1,5 мыңнан астам қару түскен. Олардың ішінде граната атқыш, пулемет, тапанша, граната бар. Бұдан бөлек, бас прокуратура «Дикий Арман» тобы 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстағанын мәлімдеді. Қазір «Дикий Арман» Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отыр. 

«Қазіргі таңда 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға ұсталды. Олардың қатарында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, соның салдарынан бір адам қаза болды», - деді ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров.