Алматы облысы Шамалған ауылындағы 30 отбасы 8 жылдан бері сусыз отыр. Олардың айтуынша, ауыз суды сатып алып, ішеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жолы жөнделмеген, жарығы жасалмаған ауылға су таситын көлік те келе алмайтын көрінеді. Ал жергілікті әкімдік арызданған азаматтар жерді жекеден сатып алған. Сәйкесінше жерді сатқан адам жолын, суын тартып беру керек еді дейді.
«Әкімдік тарапынан ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Неге десек? Су біздің құзыретімізге кірмейді дейді. Көршілерімді жинап суды тартқызып жатқан кезімізде, Анар есімді ханым шығып, бұл менің жерім деп жауып тастады», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Қуаныш Сепсекенов.
Жер иесінің Шамалған ауылында 3 гектар жері бар. Бұған дейін жергілікті жұртқа суын да, жарығын да тегін беріп келіпті. Тек әкімдік жерді қалай болса солай бөлгендіктен, 8 соттық жерді қоршап қойғанын айтады. Бірақ ауыл адамдарымен мәмлеге келуге дайын екен.
«Құжатым бар. Әкімге барсаңыз олар біледі. 3 жыл бұрын мәселені көтергенмін. Ол жерде үй болмаған. Ана жақта үйлер салынып жатқанын айтып, көмек сқрадым. Көмектескен жоқ», – деді жердің иесі Анар Беркімбекова.
Ауыл азаматтарының мәселесімен Шамалған әкімдігіне де бардық. Алайда ауыл басшысы денсаулығына байланысты жұмысқа шықпаған екен. Тек телефон арқылы тілдесе алдық.
«Үй салынған, заңсыз. Әкімдік берген жоқ. Біреуден сатып алды да, не суы жоқ, не жарығы жоқ. Енді бір-екі жылда келді да шағымдарын әкімдікке айтып жатыр. Су мәселесін олар өздері шешу керек. Өйткені біз ауылдың өзіне су жеткізе алмай отырмыз», – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.
«50 пайыз жаз айында ел бау-бақша суарады. Қаскелен су құбыры салынып жатыр. Жобасы басталды. 21 километр құбыр бар», – деді Шамалған ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Әлібек Сайлыбаев
Шамалғанға 2015 жылдан бері қоныс тіккен 50 отбасы әзірге су мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Алайда Шамалған әкімдігі 2023-2024 жылдары орталықтандырылған ауыз су құбырына қосып беруге уәде етті.
Әлібек Шынтемір, Мұратбек Алмасхан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы