1 шілдеден бастап Алматыда Сейфуллин даңғылын жеңіл жүрісті қыздардан тазарту шарасы күшейтілді

13.07.2019 01:14

Жалпы 10 күндік рейд нәтижесінде Түрксіб ауданына 500-ден астам түңгі көбелек жеткізілген

Алматыда кезекті жезөкшелер ордасы анықталды. Түрксіб ауданында орналасқан кафелердің бірі ас ішіп ғана қоймай, жеңіл жүрісті қыздар жалдайтын мекен болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жынойнақта түнгі көбелектер қымсынбастан тән саудасын қыздырып жатқан тұста полицейлер кіріп келді. Тәртіп сақшылары былыққа толы нысан ішінен қылықтылармен қоса желік қуғандарды да қолға түсірді. Жалпы Түрксіб ауданында күшейтілген шара басталған 10 күннің ішінде 500-ден астам жезөкше ұсталған.

Алматыда 1 шілдеден бастап Сейфуллин даңғылын жеңіл жүрісті қыздардан тазарту шарасы күшейтілді. Тәртіп сақшылары күнделікті Түрксіб ауданындағы көңіл көтеретін орындар, кафелер мен қонақ үйлерді жаппай тексеріп жатыр. Бүгінде түнгі рейдке дайындалған полицейлер басшылықтан тапсырма алған соң, бірден жұмысқа кірісті.

Ал араға шамамен 2 сағат салып, Жансүгіров көшесі бойында орналасқан сырт көзге кафе көрінген қонақ үйде жеңіл жүрісті қыздардың тән саудалайтыны туралы хабар жетті. Полицейлер уақыт жоғалтпастан бірден нысанға баса-көктеп кіріп келді. Шынымен де, 20 шақты бөлменің ешқайсысы бос болмай шықты. Тұтқиылдан тап келген тәртіп сақшылары жезөкшелерді әбден састырса керек, олардың бірі тіпті тырдай жалаңаш күйінде дәлізге атып шықты.

Қыздардың барлығы келісіп алғандай қонақ үйге болашақ күйеу жігітімізбен келдік деп өздерін судан таза, сүттен ақ етіп көрсеткілері келді. Десе де, камерадан бет-жүздерін жасырып, түсіп қалмауға барынша тырысты. Ал клиенттері болса, бұл қонақ үй бөлмесінде не тындырып жүргендерін түсіндіріп бере алмады.

Полицейлер бөлмелердің барлығын тексеріп, кішігірім қонақ үй ішінен әп дегенде 40 шақты адамды жинады. Олардың 22-сі қызмет көрсеткен жеңіл жүрісті болса, ал қалғаны олардың клиенттері болып шықты. Өкініштісі, қылықтылардың арасында тіпті екіқабат келіншек те қымсынбай қызмет көрсетіп жүр.

Полицейлер қонақ үй ішінен жиналғандарды арнайы көлікке тиеп, Түрксіб аудандық полиция басқармасына әкелді. Десе де, қылықтылардың басым бөлігі бұл жерге келуді үйреншікті әдетке айналған. Өздерін емін-еркін ұстап, тіпті жан сырларымен де бөлісті. Ал басқалары ойран салып, айқайға басты. Олардың басым бөлігі, жеңіл жолмен ақша табуды жөн санайды. Себебі, полицейлер ұстап әкеткенмен, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, бар болғаны 3 сағат ұстай алады.

Рейд барысында қонақүйді жын-ойнаққа айналдырған әкімшілікке қатысты іс қозғалып, сотқа жолданды. Ол енді 100-ден 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Жалпы 10 күндік рейд нәтижесінде Түрксіб ауданына 500-ден астам түңгі көбелек жеткізілген. Оларға 278 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Қылықтылардың ордасын құрған 4 деректі тіркепті.

«Күнде полиция басқармасына орташа есеппен 80 адам жеткізілді. Оларды 3 сағаттан артық ұстай алмаймыз. Сол себепті осындай іс-шараларды біз жиі жүргізіп тұрамыз. Әр күн сайын Түрксіб аудандық полиция басқармасынан 25 учаскелік инспектор, 8 жедел жасақ, жалпы 15 адам жұмылдырылады», – деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Дәурен МАЙЛЫҚБАЕВ.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы