Биыл көмір бағасы қымбаттамайды. Қатты отын құны өткен жылдан еш өзгеріссіз қалады. Тап осындай болжамды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мамандары жасап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен қыс елдің есінде көмір бағасының бірден шарықтап кетуімен есте қалып еді. Қаңтардың ортасында қалтыраған халық қатты отынның 1 тоннасын 30-45 мың теңге шамасында алғаны белгілі. Ол тапшылық биыл болмайды деп сендірді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Қазір өңірлерде көмір бағасы 11-13 мың теңге аралығында саудаланып жатыр.
«Көмір бағасы өңірдің қай жерде орналасқанына байланысты белгіленеді. Арақашықтығы алыс болса, көмір бағасы да жоғары болады. Бағалар қазір кейбір өңірлерде 9000-14 000 теңге», – деді ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.
Биылғы қыста көмірдің тұтынатын қажеттілік мөлшері – 9 млн тонна. Коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 2,6 млн тонна, қазақстандықтарды толық қамту үшін 7 млн тонна көмір қажет. Әзірге халықтың 10 пайызы ғана қамданып үлгерген. Мамандардың айтуынша, Шығыс Қазақстан, Абай облысында дайындық қалыпты. Қалған өңірлерде сұраныс байқалмайды.
«Қазірдің өзінде баға күннен күнге өсіп жатыр. «Қыста қолжетімді болады» дегенге күмәнім бар. Қазір арзан бағаға алатын шығармыз. Қыста өседі», – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Матенов.
«Кім ерте, уақытында қамданса, онда ешқандай проблема болмайды. Егер қараша айында іздесеңіз, онда қиындықтар туындайды. Жылдағы жағдай. Бағасы былтырғыдай болса, тіпті ауыр болайын деп тұр», – деді қала тұрғыны Валерий Филиппович.
Қазіргі таңда Қазақстанда жылына 110 млн тонна көмір өндіріледі. Оның 28 пайызы экспортқа жолданады. Министрлік биылға көмірге қажеттілік жоспарын әзірлепті. Тапшылықты болдырмау үшін қатты отын жеткізушілермен белсенді шаралар атқарылып жатыр екен. Жыл басынан тұрғындар мен бюджеттік ұйымдар үшін 4,5 млн тонна көмір жөнелтілген.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы