Көктайғақтан құлап, мертіккендердің тең жарымы - балалар
Коммуналдық қызметтер жұмысымызды атқарып жатырмыз деп сендіреді. Ал қала тұрғындары әсіресе аула ішіндегі мұз әбден әбігерге салды дейді. Тіпті арнайы аяқ киім киіп, жорғалап жүруге мәжбүрміз деп өкпе-назын айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тайғақ, көріп тұрсыңдар ғой, жүру мүмкін емес», - дейді бір тұрғын.
«Аула сұмдық боп жатыр. Еңбектеп жүрміз, шыны керек. Өзімізді былай қойғанда, балаларды қатты уайымдаймыз. Қыстың басталғаны кеше, ал жер көктайғақ», - деді келесі бірі.
«Осындай мұзда анам қорқады жүруге», - деді үшінші бір тұрғын.
Елорда тұрғындары қалалық коммуналдық қызметтер мен ПИК жұмысына наразы. Айтуларынша, шаһар көшелеріндегі көктайғақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Көктайғақ басталғалы мұзға құлап, мертіккендер де баршылық. Соңғы 10 күнде түрлі дене жарақатын алған мыңға жуық нұрсұлтандық ақ халаттылардың көмегіне жүгінген.
«Көктайғақ маусымы басталғалы елордадағы травматалогиялық бекеттерге үш мыңнан адам жүгінген. Олардың 831-і көктайғақтан зардап шеккендер. 435- і балалар. Олардың үшеуі госпиталдандырыланды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің № 1 қалалық ауруханасы шұғыл және травматологиялық көмек көрсетуге арналған қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Алексей СОЛОД.
Травматологтардың сөзінше, адамдар көбінесе жол жиегіндегі тротуарлар мен дүкен баспалдағында жиі тайғанап құлайды. Алайда «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері қаланың барлық көшелері көк мұздан тазартылды деп отыр.
«Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 800 мың метрден астам тротуар бар. Олардың бүгінгі күні 90 пайызынан астамы көк мұздан тазартылған. Бұл жұмыстарға күніне 100 техника жұмылдырылып, 1000-нан астам маман тартылды», - дейді «Астана Тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары Марсель ҰЗАҚОВ.
Ал Нұр-Сұлтан полиция департаментінің мәліметінше, көктайғақ пайда болған алғашқы күндері шаһарда тәулігіне 80ге жуық жол апаты тіркелген. Осы ретте Қазавтожол ұлттық компаниясының өкілдері ауа райының тосын мінез көрсетуі кезінде жүргізушілерден ара қашықтық сақтап, қаладан шеткері шықпауды сұрайды.
«Жолаушыларымыз тайғанақтамау үшін алдын алу шараларын жүргізгеннің өзінде де, ауа райы бізге бағынбайды ғой. Сондықтан егер де жол жабылатыны туралы ақпарат тараған болса, өз қауіпсіздіктеріңізді бірінші кезекте өздеріңіз ойлап, жолға шығудан бір-екі сағатқа болса да, бас тартып, ең бірінші кезекте өзіңіздің өміріңіз екенін естен шығармауды сұраймыз», - деді «QAZAVTOJOL» ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдары дирекциясының баспасөз қызметінің басшысы Айдана АЙДЫНҚЫЗЫ
Коммуналдық қызметтер көк мұздан тек тротуарларды тазартамыз дейді. Ал үйішілік аулаларға ПИК өкілдері жауапты дегенді алға тартады. Алайда, бірқатар аулаға бас сұғып едік, құдды бір мұз айдынында тап болғандаймыз.
Елордалықтар мұз айдындарына барып, шығындалмай-ақ конъки тебе алады. Себебі күнің райы мұз айдынын тегін-ақ жасап беріп тұр. Оның үстіне көшелерді көктайғақтан тазартуға жауапты комуналдық қызметтер, әсіресе аулаішілік аумақтарды тазартуға міндетті пиктердің де жұмысы көңіл көншітпейді. Абай болыңыз, көшеде аяғыңызға мен сияқты конъки киіп алмасаңыз әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін.
Салтанат Нысанбекова, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан