Алматыда көпбалалы аналар қандай кәсіп ашып, табысқа кенеліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Әуезов ауданында «Бақытты отбасы» орталығына 4 мыңға жуық ана тіркеліп, соның 150-ден астамы кәсіп бастаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Әуезов ауданында 2019 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Бақытты отбасы» орталығына 4 мыңға жуық ана тіркеліп, соның 150-ден астамы кәсіп бастаған. Олардың басым бөлігі жаңа асханалар мен тігін цехтарын ашыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана Арайлым Шаханова «Бақытты отбасы» орталығы арқылы бизнес бастауға өз жобасын ұсынып, арнайы грант ұтып алған. Соның нәтижесінде тігін цехын ашып, 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. 3 жылдан бері тігіншілікке бет бұрған кәсіп иесінің ендігі арманы – өз орталығын үлкейту.

«Қазіргі заманда қандай сұраныс бар. Соған қарай өзіміздің бизнесімізді бастап, іскер ана болып отырмыз. Ары қарай дамытып, өркендеп, өсіп, бұдан да үлкен цех ашу ойда бар», – дейді кәсіпкер Арайлым Шаханова.

Отандық өнімнің жандануына үлес қосып жүргендердің айтуынша, тігін цехына айына 20-дан астам тапсырыс келіп түседі. Әсіресе ұлттық нақыштағы оюлар мен қыз жасауы ерекше сұраныста екен. Ал «Бақытты отбасы» орталығының қызметкерлері осы жылы 14 көпбалалы ана өз кәсібін ашқанын айтады.

«Жоспарымыз – үлкен грантты алған кәсіпкер аналарымызға қолдау көрсетіп, кәсіптерінің дамуына себепші болып, бар көмекті аямау. Сол кісілер биік белестерді бағындырсын, кәсібін одан ары дөңгелетсін деген ойдамыз», – деді Әуезов аудандық «Бақытты отбасы» орталығының әлеуметтік қызметкері Назым Смағұлова.

Мамандар соңғы уақытта кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің саны артып келе жатқанын айтады. Осы жылдың ішінде алматылық 1495 нәзік жан бизнес бастау курсына қатысқан.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров