|
19.11.2021 | 20:57
3407

Әлемде 9 мың бала көз жұмды: коронавирус балаларға қаншалықты қауіпті

Бүгінде мутацияланған штамдар кішкентай ағзаның вирусқа төтеп беруін қиындатып жатыр

Әлемде 9 мың бала көз жұмды: коронавирус балаларға қаншалықты қауіпті Almaty.tv

Пандемия басталғалы әлем бойынша коронавирустан 9 мыңнан аса бала көз жұмды. Жеткіншектер арасындағы өлім жағдайының көбеюіне «дельта» штамының өршіп кетуі себеп болған. Бұл туралы Алматылық педиатр мамандар мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондықтан жеткіншектерді вакциналау өте маңызды дейді дәрігерлер. Себебі балаларда постковидтік синдром ересектерге ұқсас келеді. Кейде қауіпті асқынулар да болады екен.  

Коронавирус әлемде енді тарай бастағанда балалар инфекцияны үлкендерге қарағанда жеңіл өткеретін. Ал қазір мутацияланған штамдар кішкентай ағзаның вирусқа төтеп беруін қиындатып жатыр. Соның салдарынан қазір балалар жиі ауыра бастаған. Мәселен, былтыр Алматыда бұл індетке 281 бала шалдықса, бүгінде 15 мыңнан аса жеткіншек жұқтырып отыр. Сондай-ақ педиатрлар қазір балалардың оңалуы да ұзаққа созылып кеткенін алға тартты. Тіпті, асқыну кезінде көпжүйелі қабыну белгілері және мен жоғары температура ұзақ сақталады екен. Ең сорақысы CОVID-19 вирусы сәбилердің өміріне қауіп төндіреді дейді мамандар.  

«Балалар белсенді ауру тасымалдаушы саналады. Көп жағдайда ересек адамдар, содан соң егде жастағы адамдар балалардан инфекция жұқыруда. Ал ол инфекция аталған топтарда өте ауыр өтуде. Сондай-ақ үйінде 1 жасқа дейінгі нәрестелері бар жанұялардың мүшелері де толық екпе алуы керек», – деді Алматы қалалық №15 емхананың балалар дәрігері Мөлдір Әкімжан.

Мамандар екпе ғана вирусты жеңудің жалғыз жолы екенін күнде ескертеді. Ал вакциналанған адамдар саны артқан сайын, вирустың таралуы мен мутация ықтималдығы да азаяды дейді дәрігерлер. Сондықтан халық қазір елде тіркелген 6 түрлі екпенің кез келгенін қалауы бойынша салғыза алады.  

Одан бөлек, шетелде иммундалған отандастарымыз да бар екен. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы башысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді. Өзге мемлекеттерде Pfizer, AstraZeneca, Moderna секілді вакциналармен иммундалған 2 мыңнан аса алматылық қазір екпе алғанын растайтын төлқұжаттарын тіркеп жатыр. Ал 22 қарашада басталатын ревакциналау науқанында Pfizer екпесін алуға өтінім бергендердің тізімі қарастырылуда дейді.  

«Қазір біз Pfizer-мен ревакциналанғысы келетіндердің тізімін жинап жатырмыз. Одан бөлек, ақылы түрде егу жұмыстары жүргізілетін емханалар да қарастырылуда. Егер бас мемлекеттік санитар дәрігер қаулы етсе, онда егу жұмысын бірден бастаймыз», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.

Қазір тұмау маусымының өршіп тұрған кезі. Осы ретте, көпшілік түрлі дәрілерді бей-берек қабылдайтыны жасырын емес. Ал антибиотиктер жұқпалы аурулардың көбіне төтеп бере алмай жатыр. Тек өткен жылдың өзінде әлем бойынша микробқа қарсы төзімділіктің 3 миллионнан астам жағдайы тіркеліпті. Оның бәрін зерттеулер дәлелдеген. Жаһандық мәселе Қазақстанды да алаңдатып отыр дейді еліміздің жетекші дәрігерлері мен фармакологтары. Халық антибиотикті әсіресе пандемия кезінде көп пайдаланған екен. Оның коронавирусқа қарсы тұра алмайтынын біле тұра, қолдануын тоқтатпаған. Бұл жайт жағдайды ушықтырып жіберген. Сондықтан да мамандар антибиотиктердің дәріханалардан тек дәрігердің нұсқаулығымен сатылуына баса назар аудару қажет дейді.

«Халыққа антиобиотиктерді өз бетінше қолдануға болмайды. Науқас өз жағдайын білу үшін әуелі дәрігерлерге жүгінуі керек. Фармацевтер препараттарды тек дәрігердің нұсқаулығымен беруі керек. Ковид деген вирус қой. Оған антибиотиктер әсер ете алмайды. Сондықтан денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фармакологы Лариса Макалкина.

Сондықтан да коронавирустың белгілерін байқасаңыз немесе тұмауратып қалсаңыз, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал. Ешқашан өз бетінше немесе үй жағдайында ем қабылдауға болмайды. Өйткені алдымен аурудың себебін анықтап, дұрыс диагноз қою қажет. Ал оны қандай дәрімен емдейтінін тек мамандар біледі.  

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир