Өрт тұтанса қандай қағиданы ескерген жөн

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл қалада жеке сектордағы үйлерде 200-ге жуық өрт болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жеке сектордағы тұрғын үйлерде өрт шығу деректері азаймай тұр. Мәселен, Алматының Түрксіб ауданында жыл басынан бері осындай 39 жағдай тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Басты себеп – тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түрксіб ауданындағы Кузьмин және Кассин көшесінің бойында жеке секторда бір-біріне жапсарласқан орналасқан үй көп. Салдарынан қандай да бір тұрғын үйде өрт шыға қалса, қызыл жалын тез тарайды. Сол себепті, төтеншеліктер мұндай мекенжайларға жиі келеді, түсіндіреді, бақылау жасайды.    

Мәселен, мына бір үйді көріп, қараусыз қалған нысан деп бағамдауыңыз мүмкін. Шындығында олай емес. Мұнда үй-күйі жоқ адамдар жиі түнейді. Мамандардың айтуынша, олар ешқандай өрт қауіпсіздігін сақтамады. Бір шылымның кесірінен түгелдей отқа оранған тұрғын үйдің иесі ісіне селқос қараған. Нәтижесінде қамыстан салынған баспана бір мезетте күлге айналыпты.

– Үйдегі бауырым есік алдында темекісін тұтатты. Жерге түскен шоқ лезде қызыл жалынға ұласты. Салдарынан бізге де кесірі тиіп, денсаулығыма зардабы келді. Содан кейін үйдің бұл бөлігін жөндеген жоқпыз, – деді қала тұрғыны Елена Гарбунова.

Алматыда биыл жеке сектордағы үйлерде 200-ге жуық өрт болған. Олардың басым бөлігі жапсарлас орналасқан үйде тіркелген.

– Түрксіб ауданында биыл 39 үйде өрт болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстығанда 10 пайызға көп. Мұндағы үйлердің көпшілігі пеш жағады. От жағу әдісін білмегендіктен қайғылы жағдай көп болады. Қазір күн жылынды. Үйінде отырып, темекі шегетіндер де кездеседі. Мұның бәрі адам өміріне қауіпті, – деді Түрксіб ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Ерасыл Жолдыбаев.

Сала мамандары өрт тұтанса, дүрбелеңге салынбай, оны өшіруге әрекет жасау керегін айтады. Қызыл жалын дес бермей, аумағы кеңейе түссе, бірден қызметкерлер көмегіне жүгіну керек. Түтінге тұншыққан адамдарға сулы шүберекті мұрынына тақап, алғашқы көмек көрсету керек. Осысынды қарапайым қағидаларды ескерсе отырып, қауіптің алдын-алуға болады.

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров