Кеңес мүшелері сөз алып, әр сала бойынша проблемаларды атады
Елімізде адвокаттар мәртебесі көтеріліп, елге баспана алып беремін деп алдап күн көретін кооперативтерге лицензия беруді шектеу ұсынылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысушылардың сөзінше алаяқтар ең алдымен заң мен ресми тіркелген құжаттарды көрсету арқылы халықтың сеніміне кіреді. Төртінші рет ұйымдастырылған отырыста мүшелер тағы нендей түйткілдерді көтерді? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Кеңесте сөз алған Айман Омарова адвокаттардың мәселесін айтты. Ол әділ сөз иелерін жөн-жосықсыз қудалау көбейіп, соттардың тарапынан қысымға алынып жүргенін ашық жеткізді. Осы орайда Азаматтық қызмет және заң көмегі туралы Заңнамаға бірқатар өзгерістер енуі керек деді. Жалпы елдегі адвокаттардың мәселесі, әсіресе, ауыл адвокаттарының жағдайы тұралап, қорғаушылардың жан айқайы өз биігінде шешілмей жатқанын көтерді.
«Құқық қорғау, сот органдары үшін тегін жүзеге асырылатын Заң көмегі ақпараттық жүйесіне адвокаттар айына 6 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсауы керек. Неге ондай? Әсіресе, ауыл адвокаттары, олар қаламақы да ала алмайды. Біресе біреуі қой алып келеді, біресе сиырын береді. Сондай жағдай қазір», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова.
Кеңес мүшелері сөз алып, әр сала бойынша проблемаларды атады. Мәселен, халықты алдап соғатын компанияларға лицензия беруді өте мұқият жүзеге асыру керектігін айтылды.
«Көптеген кооперативтер көбейіп кетті. Жеңіл баспана алу алдын ала ақша салып бірінші басқа біреу алады, одан кейін барып сіз өз кезегіңізді күтесіз дегендей. Ең бірінші мына Әділет министрлігінің кез келген кооператив болсын, басқа компаниялар болсын, лицензия беруге шектеу қойылуы керек.Түбін тексеру керек, көп халық зардабын шекпеу керек», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек.
Кеңесте мемлекеттік мекемелердің жұмысы мен жұмсалған қаржы есебінің ашықтығын қамту маңыздылығы да тілге тиек болды. Бұдан бөлек жұрттың үніне билік назар аударуы үшін петиция жазып онда қол қойған адам санын нақтылау ұсынылды.
«Республикалық петиция болу үшін 100 мың немес аудандікі 10 мың, облыстікі 50 мың деген сияқты петиция бұл халықтың үнін жеткізу деген сөз. Бұл да қоштайтын, қолдайтын нәрсе. Өйткені біздің өзіміздің басымыздан өтті биыл. «Қазақ үні» сайтында 1 айдың ішінде 124 мың халық қолдап, мемлекеттік тіл туралы заңды талап етті. Осы енді заңды жүзінде іске асып жатса, біз қуанамыз», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса.
Жиында көп балалы аналар, өңірлерді газбен қамту, мүгедектердің жағдайы, еріктілердің қоғамдағы рөлі, жастармен жұмыс істеу мәселелері де сөз болды. Жалпы осы Ұлттық сенім кеңесі аясында өткен отырыстар нәтижесінде саяси реформалар қызметі іске асып 7 заң қабылданған. Бұл заңдар көппартиялы жүйенің дамуына, жастар мен әйелдердің билікке тартылуына, адам құқығын қорғауға серпін берген.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы