Заңсыз жүргізілген құрылыс жұмыстары салдарынан құбыр ашық қалып, қазір апатты жағдайда тұр
Алматының төменгі аудандары көгілдір отынсыз қалу мүмкін. Бұл туралы «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамдастығының Алматыдағы өкілі Нұрсұлтан Өмірбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жер астында жатқан газ желісі қасынан бәзбіреулер заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізген. Соның салдарынан құбыр ашық қалып, қазір апатты жағдайда тұр. Мамандар 1 жылдан бері жасалған ескертуге құлақ аспағандықтан, аталған мәселені сотқа жолдадық дейді.
«2021 жылдың 23 маусымынан бастап біздің ескертулерімізге осы нысан иелері жауап берген де жоқ, жұмыстарын тоқтатқан да жоқ. Жалпы бұл газ құбыры 1976 жылы соғылған», - деді «Қазтрансгаз» АҚ Алматы өндірістік филиалы өндірістік-техникалық бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Өмірбаев.
Заң бойынша құрылыс жұмыстары газ құбырынан 20 метр алшақ жүргізілуі керек. Ал мердігер компания өкілдері жердің жеке тұлғаға тиесілі екенін алға тартады. Яғни, тауар қоймасын қоршау үшін үлкен қақпа салып жатыр екен.
«Бұл жеке тұлғаның жері. Керісінше, газ құбыры біздің жерімізде тұр. Сотқа шағымданып, газды алып тастауға да құқығымыз бар деп ойлаймын», - деді мердігер компания өкілі Индира Ибраимова.