Астанада ауған соғысы ардагерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті

16.02.2019 01:15

Биыл Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толып отыр

Астанада ауған соғысы ардагерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өткен шараға Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жетекшілік етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елордада өткен жиынға еліміздің әр аймағынан ауған соғысының ардагерлері келді. Бұл соғысқа 20 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Олардың ішінде, 924-і ұрыс алаңында ерлік көрсетіп, қаза тапты. Ал 19 жауынгер әлі күнге дейін белгісіз кеткендер санатында. Іс-шара барысында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Ауғанстанда әскери борыштарын орындаған интернационалист жауынгерлерді, әскери қызметшілер мен азаматтық персоналды бірінші дәрежелі «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

«Сіздер ел азаматтарына әскери-патриоттық тәрие беру, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту және Отанды қорғау жөніндегі даңқты жауынгерлік дәстүрлерді сақтауға белсене қатысып келесіздер. Сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін!», – деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

Қайрат Жаңабаев ауған соғысына аттанғанда небәрі 18 жаста болған. Соғысты тек теледидардан көріп, ата-әжелерінен естіп өскен бозбала енді өзі де қан майданға барып, қолына қару ұстайды. 50 градус күннің ыстығында таумен өрмелеп, зеңбірек, пулеметтің астымен жорғалап, қатардағы жан-жолдастарының қаза болғанын көргенде, бірден есейгенін айтады.  

«Қазіргі кезде ауған соғысы аяқталғанына 30 жыл болса да, біз бір-бірімізді көргенде кешегі жас күніміз еске түседі. Астана төріне бүкіл облыстардан майданда бірге болған жігіттер келіп жатыр. Сол жігіттермен кездесіп, өткенді еске алып отырмыз», – дейді Алматы облыстық «Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ төрағасы Қайрат ЖАҢАБАЕВ.

«Біз соғысқа аттанғанда 18-20 жастағы бозбала едік. Соған қарамастан, еш қорықпастан соғысқа барып, өз міндетімізді абыроймен атқардық деп ойлаймын. Қазір біз әскери-патриоттық бағытта белсене жұмыс істеудеміз», – деді Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Қайрат ЕЛУБАЕВ.

Ал ұлттық әскери-патриоттық орталығының залында көрме ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ауған соғысындағы қан майданда Кеңес әскері сарбаздарының жеке заттары, киімдері мен қару-жарақтары қойылды.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана