Отан қорғаушылар күні Қонаев гарнизонында ерекше аталып өтті. Салтанатты іс-шарада әскери қызметкерлердің шеруі мен ұрыс-тәсілдерінің көрсетілімі қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың 32363-әскери бөлімінде мерекелік жиын жоғары деңгейде тойланды. Іс-шара әскери қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуден басталды. Әскери салтанаттың аясы жылдағыдан ауқымдырақ. Облыс әкімі әскери қызметке шақыру жұмыстарының нәтижесі қуантарлық» деп атап өтті.
– Алматы облысы аумақтық қорғаныс жүйесін дамыту бойынша іс-шаралар қабылдауда.Биыл дербес облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылды. Бұл қадам әскери міндетті қызметкерлердің дайындығын және жастарды әскери қызметке шақыру ісін күшейтуге бағытталған, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Мерекелік жиында алдыңғы шептегі қызметкерлердің шеруі өтті. Сондай-ақ десанттық-шабуылдау бригадасының барлаушы жауынгерлері әскери ұрыс-тәсілдерін көрсетті. Солтүстік өңірлердегі тасқынға қарсы күреске жұмылған қызметкерлерге алғыс хат табысталды.
– Төтенше жағдай су тасқынына байланысты көмек көрсетуге арнайы техникалар көпір батальоны паркінен және жеке құрам айтылған өңірге жіберілді. Халыққа көмек көрсеткен осындай еңбегіміз еленіп жатқанына қуаныштымын. Әр уақытта қандай да жағдай болмасын көмек көрсетуге дайынбыз, – деді 58012 әскери бөлімінің батальон командирі Айдос Бақытбеков.
Салтанатты іс-шара соңында облыс әкіміне әскери техникалық жабдықтардың жай-күйі таныстырылды. Алматы облысында 24 әскери бөлім бар. Ел іргесіне қалқан болатын мекемелер бүгінде қайсар жауынгерлерді шыңдап жүр.
Оразай Нұртай, Айғаным Ахунбай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы