Олардың 3-і Өзбекстан іздеуінде жүрген азаматтар болып шықты
Елімізде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2000-нан астам Өзбекстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 427 азаматтың Қазақстанда болу мерзімі қысқартылып, 186-сы елден шығарылды. Бұл заң бұзушылықтар "Нелегал" деп аталатын жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы шара кезінде Өзбекстан іздеуінде жүрген 3 адам ұсталды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 4 күн ішінде 56 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ 218 шетелдік қабылдау-тарату орындарына қамалды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 6 қылмыстық іс қозғалды.