Nur Otan партиясының Алматыдағы филиалында халықтан түскен өтініштер қаралды

30.01.2020 01:15

Былтыр партия 2 мыңнан аса қабылдау өткізіп, нәтижесінде 18 мыңға жуық өтініш тіркелген

Басқарма басшылары ұстатпайды. Олардың қабылдауына жазылу қиын. Бүгін Nur Otan партиясының Алматыдағы филиалында халықтан түскен өтініштер қаралды. Сондай-ақ, қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған кездесуде бас партия қолға алған жобалардың жұмысы тыңдалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңғыру жолына қадам басқан негізгі саяси күш алдымен халықтың пікіріне құлақ асады. Nur Otan партиясы еліміздегі әрбір азаматтың қасынан табылып, қашанда көмек қолын созып келе жатыр. Кері байланыс орнату да аса маңызды. Осылай деген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қол астындағыларға жиі жиі азаматтарды қабылдау өткізіп тұру керектігін айтты. Оның сөзінше, «Еститін мемлекет» концепциясының өзі билік пен халықты жақындастыруды көздейді. Дегенмен, ұстатпайтын басшылар да бар. Оны мониторинг жүргізген Nur Otan партиясы анықтаған.

«Мәселен, қаладағы екі басқарманың басшысы келгендерге алдымен бөлім жетекшілері мен оның орынбасарлары қабылдауы тиіс, сосын барып маған жолығасыңдар деп қайтарып жіберген. Бұл Жасыл экономика мен Стратегия және бюджет басқармалары. Ал Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына хабарласу мүмкін болмады. Тұрғын үй саясаты, жер қатынастары және мемлекеттік активтер басқамаларында да жағдай қайталанды», - деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав КАНКУРОВ.

Жалпы Nur Otan партиясы өткен жылы 2 мыңнан аса қабылдау өткізіп, нәтижесінде 18 мыңға жуық өтініш тіркелді. Қойылған сұрақтардың 40 пайызы оң шешім тапқан. Өзекті мәселелер қатарында әлеуметтік қамтамасыз ету, жер учаскелерін рәсімдей алмау, инфрақұрылымның жоқтығы, еңбек даулары мен жұмыссыздық бар. Айтпақшы, жергілікті атқарушы органдар апта сайын халықты қабылдауы керек. Шаһар басшысы халықтың арызына дер кезінде ден қою үшін мынандай ұсыныс айтты.

«Қабылдауға электронды кезек арқылы жазылуды ұсынамын. Мәселен, тұрғын үйді алуға қатысты және балабақшаға кезекке қою туралы сұрақтары болса, ғаламтор арқылы жазылсын. Сосын үйде отырып-ақ кезегін бақылауға мүмкіндік болады. Кезегі келгенде, қабылдауға кіреді. Айталық, ертең бастапқы 15 адамды қабылдайсыз. Барлығы ашық, уақыт та үнемделеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Кезекті отырыста партиялық жобалардың жай-күйі де талқыланды. Мысалы, осыған дейін «Құтты мекен» бастамасы арқасында 11 нысан бойынша ескерту жасалған еді. Қазір оның үшеуі ретке келген. Қалғаны бойынша жұмыс жүріп жатыр. «Бақытты отбасы-Алматы» қоғамдық қоры да нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізіпті.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы