Ағасы 4 жыл 8 айға, інісі 11 жылға сотталды
Ағасы Жандос 5 жылға жуық, інісі Дінмұхаммед 11 жылдан астам уақытқа сотталды. Бір анадан туған ағайындыларға «кісі өлтіруге талпынған» деген айып тағылып отыр. Алайда олардың туыстары сот үкімі тым қатал деген пікірде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кезінде әлеуметтік желіні шулатқан Жандостың жасы 24-те болса, оның туған інісі Дінмұхамед 20-ға енді толыпты. Көшедегі жанжал кезінде інісі Дінмұхаммед жеңіл көлікпен 3 адамды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған. Бірнеше уақыт бойына ауруханада жатып шыққан жәбірленушілердің жағдайы қазір бірқалыпты. Ағайындылар болса, жастық шақтарын темір тордың арғы бетінде өткізбек. Бүгінгі соттың үкімін естіген олардың тустары мен анасы сот залында жанжал шығарды.
«ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған Дінмұхаммед Әлеккев 11 жыл 3 айға, Жандос Әлекеев 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айрылсын. Дінмұхаммед Әлекеев жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтесін», - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ермек МАЙШИНОВ.
Олардың туыстары мен қорғаушылары болса, сот үкімін тым қатал деп отыр. Себебі жәбірленушілердің бәрі дін аман, оның үстіне жапа шеккен 3 азамат бұған дейін ағайынды Әлекеевтерді кешірген болатын. Десе де, бұл істің қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Сол себептен болар, үкімді жеңілдететін бірқатар факторлар ескерусіз қалды, дейді қорғаушылар. Енді олар жоғары инстанцияға аппеляциялық шағым түсіруге бекініп отыр.
«Біз соттың үкімімен келіспейміз. Міндетті түрде аппеляциялық шағым береіз. Себебі біз сотта көптеген дәлелдемелер көрсеткен болатынбыз. Алайда сот біздің түрлі өтініш-хаттарымызды қараусыз қалдырды», - деді ағайынды Әлекеевтердің қорғаушысы Қайрат СЕРІКҰЛЫ.
11 жылға сотталған Дінмұхаммед әкесінен 6 жасында айырылған. Олар анамыздың жалғыз арқа сүйеріміз деп тергеу ісінде соңғы сөздерін айтқан еді. Екеуінен бөлек, екі әпкесі бар. Оның біреуі 2-ші топтағы мүгедек. Ал екіншісі – жалғызбасты ана. Ал, 4 жыл 8 айға сотталған Жандос үйленген, 1 жасар баласы бар.
«Менің 2 бауырым дәл қазір темір тордың арғы жағында отыр. Олар – бір үйдің арқа сүйер азаматтары. Біз бұл іске қайта шағым түсіреміз. Соттың шығарған шешімімен мүлде келіспейміз. Жандостың кішкентай баласы қалды үйде. Сот төреші осыны неге ескермеді», - деді ағайынды Әлекеевтердің туысы Әлихан НАРБЕКОВ.
Қорғаушылардың айтуынша, Жандос есімді 24 жастағы азамат қылмыстық топқа қатысы жоқ деген бөліммен мүлде босап шығуы керек екен. Енді Әлекеев туысқандарының 14 күн ішінде аппеляциялық шағым түсіруге мүмкіндіктері бар. Қайта қаруға ұсынғаннан кейін жас жеткіншектердің жазасы әлде қайда жеңілдей ме деген үмітте.