Мердігер болса, әкімдік пен жоба жасаушыны кінәлап отыр
Жамбыл облысында салынған жолдың сапасына байланысты тағы да шу шықты. Байзақ ауданының тұрғындары басты көшеге салынған асфалть жолға емес, «жыланның ізіне» ұқсайтынын айтады. Сонымен қатар, бағана мен жол белгілері жолдың ортасында қалып кеткен жерлері де кездеседі. Мердігер болса, әкімдік пен жоба жасаушыны кінәлап отыр. Өңірдегі Almaty.tv тілшісі Мерей Бает толықтырсын.
Құмжота тұрғындары жол салынып басталғанда қуанған еді. Алайда құрылысшылар сапаны ысырып, асфальт жабындысын құм үстіне төсеп кетеді деп ойламаса керек. Мердігер жол белгілері мен бағаналарды да пысқырмапты, ортаға алып өте берген. Ал, түзулігіне пікір айтпаса да көр соқырға көрінеді.
«Жеңіл мәшинемен кіре алмайсыз менің қақпама. Мен мына кісіге ескерткем. Мынау мынандай болып жатыр, қалай болады, салынбай тұрып түзету керек қой. Не мақсатпен салып жатсыздар, кішкене халықты ойласаңыздаршы десем. Жоқ бізге осылай айтылды болды дейді. Бұл ештеңе емес, ертең қар жауады, жаңбыр жауады, басқа болады. Сол уақытта қалай кіреміз біз қақпаға. Не өлшеуі жоқ, не көлем жоқ, басқа жоқ, ұрып-ұрып айдап шыққан», – деді Құмжота ауылының тұрғыны Қайрат Ахатаев.
«Келді де өтірік-өтірік қылып салып кетті. Енді қараңызшы, көшеден бастап өздеріңізге қалай ыңғайлы қылып салып кеткен. Ұят тірлік қой. Титтей бала велосипедпен жүріп, тәй-тәй баланың өзі құлап шалынады», – деді Құмжота ауылының тұрғыны Жанар Ілиясова.
Бұл жол бордюр атаулыны білмейді. Себебі бірде-бір жиектас қойылмаған. Оның үстіне жаяу жүргіншілер жолы негізгі көшеден 20-25 см биік салынған. Сондықтан тұрғындарға көлікпен өз үйіне кіріп шығу мұңға айналды. Айтылған олқылықтарды кәсіби мамандар да растап отыр.
«Бір жылдан кейін көктемде, жазда мынау асфальт қалмайды. Ыстық температурада шашылып кетеді. Бұған нақты замок керек немесе бордюр қою керек. Міндетті түрде жабу керек», – деді Ұлттық сапа орталығының инженері
Қадіржан Мырзаев.
Ал, мердігер компания басшысы бұл жұмыс олар үшін майда болғандықтан, бақылауымнан тыс қалды, ал, кінә өзгеден дейді.
«Жаяужол ол бізге жай жұмыс. Бөлім қарау керек еді, ЖКХ бастықтары қарау керек еді. Жобалушы бұл жерде кінәлі болып тұр. Сол келіп айту керек еді. ДКЗ бойынша 150 адамдай істеп жатыр. Олар жолды жақсы білмейді. Солардың арасына біздің жол жөндеушілерді қостық. Солардан қателік кетті», – деді Мердігер компанияның басшысы Лямзер Төлебаев.
Бірақ негізгі жауапкершілік мердігерлерге жүктелетінін есіне түсірді ме, әйтеуір кеткен қателікті орнына келтіретінін айтып уәде берді.
«Уәде беремін, жасап беремін. Тіпті мына жерді, ана жерді де – бәрін фризамен кесіп алып тастаймын. Менде техника көп, фриза бар. Бәрі бар. Облыстың басшыларының бәрі мені таниды. Қазір мынаны алап тастап, қайтып салуға шама бар», – деді Мердігер компанияның басшысы Лямзер Төлебаев.
Жауапты құрылысшының бұл уедесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің бақылауында болмақ. Айта кетейік, аталған жолды әкімдік әлі қабылдап алмаған.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысы, Байзақ ауданынан