Елбасы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесті

14.02.2019 01:54

Жобаның екінші кезеңіне қатысуға 2 388 азаматтан өтініш келіп түскен

«Осындай жастарды тәрбиелегеніміз үшін өзімді бақытты санаймын». «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Аталған жобаның екінші кезеңіне үміткерлерден өтінім қабылдау былтыр қыркүйек айында басталған еді. Жоба кәсіби салада жетістікке жеткен, дара жолдары өзгеге үлгі болатын адамдарға арналған. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған жобаның ерекшелігі – үміткер өзін және ұйым атынан ұсынуға мүмкіншілік берілді. «Қазмедиа» орталығында өткен шараға қатысқан Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек баяндайды.

Жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтардан 2 388 өтініш келіп түскен екен. Алайда, сараптау тобы жоба критерийлеріне сай келетін 200 үміткерді анықтап, келесі кезеңге өткізді. Ал соңғы кезеңде онлайн дауыс беру арқылы жобаның 29 жеңімпазы анықталды. Олардың қатарында ғалымдар, нейрохирургтар, спортшылар, кәсіпкерлер бар. Еркін пішінде өткен кездесуде олар Елбасыға жеткен жетістіктері жайлы әңгімеледі. Әрқайсысының тағдыры бөлек. Президент «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы еліміздегі ғылым, медицина саласын дамытуға серпін беретінін алға тартты. Тек еңбек пен талпыныстың арқасында діттегеніңе жетесің деген ақыл айтты бәріне.

«Табысқа жету үшін бір нәрсені үнемі жасап отыру қажет. Бір жұмысты бастағаннан кейін шамалы уақыт жасап, шаршадым деп тастап кетсең, ештеңе шықпайды. Дұрыс па? Ал ол жұмысты он жыл үздіксіз істесең, сөз жоқ, арманыңа жетесің», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президентке өзінің бөлек тағдыры мен жеткен жетістігін айтқан азаматтар – әртүрлі сала мамандары. Мәселен, репродуктолог, дәрігер Алмаз Ибрагимов ата-ана бола алмай жүргендерге қол ұшын беруде. Қолдан ұрықтандыру арқылы 5 мың баланы жарық өмірге әкелген. Ал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев 2,5 мың адамға ең күрделі ота жасап, өмірін өлімнен арашалапты. Ал спортшы Ержан Сәлімгереев те Президентке қалай чемпион болғанын баяндады. Үшінші сыныпта оқып жүргенде ол трансформатордың ішіне кіріп, тоққа түсіп қалған. Сол кезде бір қолы мен бір аяғынан айырылған. Бірақ соған қарамастан, бүгінде Ержан xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы.

«Ауруxанадан үйге алып келген соң мұғалімдер үйде оқытатын болды. Артынан допты үйрендім. Ауада ұшып бара жатқан допты таяқпен тіреп қоямын. Басқа жігіттерді алдап кетемін. Олар намыстанып, менің таяғымды бір теуіп, сындырып тастайды. Соның бәрі ауыр тиді маған. Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Өзімнің қайсар мінезімнің арқасында ешқандай қиыншылықтарға қарамай, алдыма мақсат қойып, күнде жаттықтым. Бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмын. Индонезия елі Джакарта қаласына өткен жазғы Параазия ойындарында қос алтын медаль еншіледім. 50 метрді 31 секундта бағындырсам, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл - менің жеке рекордым. Ендігі мақсатым – Токио олимпиадасында чемпион атану», – деді паралимпиада ойындарының чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан СӘЛІМГЕРЕЕВ.

Ал 23 жасар Назгүл Кенжетай – қазақстандағы алғашқы әскери журналист. Сириядағы соғыс алаңына дейін барған халықаралық фотограф Елбасыға өзінің жұмыстарын таныстырды. 

Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасы әлі де жалғасады. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында 2017 жылы қолға алынған еді. Айта кетейік, осы аралықта «100 есімге» ену үшін 4 мыңға жуық азаматтан өтінім келіп түскен. Атап өту керек, жеңімпаздарды қарапайым бұқара онлайн дауыс беру арқылы таңдады. Бүгінгі жеңімпаздар еліміздегі соңғы дарын иелері емес. Аталған жобаның арқасында әлі талай таланттарды білетін боламыз дейді ұйымдастырушылар.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана