Қамауда қалып, қыр жағалап кеткен ауыл жұрты соңғы 5 айда көрген азаптан әбден шаршады. Осылай деген Алматы облысындағы Қызылқайрат ауылының тұрғындары жолға зәру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшімсі.
Тұрғындар ауласына жетуі үшін бірнеше үйді айналып барам дегенше демі бітіп, көршінің қорасында ентігін басуға тура келеді. Себебі бұрын қатынап жүрген жолдарын өзге біреу жауып тастаған.
«Жан жағымызды қоршап тастап, «зонада» отырған сияқтымыз. Қазір ғана Қызылқайраттың орталығындағы укол салатын жерден системамды алып келіп отырмын. Жаяу. Мына үйдің ортасымен өтіп, мына жерге демалып алып, одан былай қарай үйіме бару үшін шарбақтың арасынан өтуім керек», – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Әлипа Әділбекова.
«Әркімнің есігінің алдынан өтеміз. Оларға да жеккөрінішті болдық. Біреуі ит байлап қояды. Олар да жақтыра бермейді», – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Сатыбалды Қыдырұлы.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын ашық тұрған жол 5 ай бұрын жабылған. Себебі ол жаққа жердің иелері келіп, қоршап алыпты. Сондықтан жұрт көршінің қабағы мен үрген итінен тығылып, кейде қыр жағалап кететін көрінеді.
Ал ауыл мен аудан әкімдігінің өкілдері халықтың жағдайымен таныс. Бірақ олармен кездесуден бас тартты.
«Жекеменшік жер болғандықтан, жер иесі бермеймін деп жолды жауып отыр. Мәселенің ақ-қарасы осы. Екіншіден, жол ашу не бұрынғы өтіп жүрген жолдың иесімен сөйлесеміз. Біздің заңгерлер мен мамандар сөйлесіп жатыр. Ауданның архитектор бөлімі мен жер кадастры бөлім мамандары да жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов.
Жол мәселесі елді мекеннің келесі бетіндегі тұрғындарға да арман болып отыр. Тіпті, кей тұрғын өз қалтасынан құнын төлеп, тас төсеткен. Бірақ ойқы-шойқы жол адам аяғын сындырып, көлікті тоздырып біткен.
«Ауырған кезде, балалар қорқып кетіп, жедел жәрдем көлігін шақырдық. Ол келмейді», – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Күлдәрия Кенжебаева.
«Машиналарымыз шашылып қалып жатыр. Жасау мүмкін емес. Ал енді қымбаткөлік алуға жағдайымыз жоқ», – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Бауыржан Жүнісов.
Ауыл әкімі жол салуға қаражат күтіп отырған көрінеді.
«Таяу арада жұмысын бастайды. Конкурс ойнатылып болды. Ұтып алған мердігер анықталды. Қазіргі таңда жұмыс жүргізіледі. Хасанов көшесіне 940 метрге жол төселеді. Ал мына жерге асфальт төселмейді. Тас төсейді», – деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов.
Тас жол төселеді. Бірақ уәжін айтқан халықтың көшесіне емес. Әкімнің айтуынша, аумақта әлі де үйлер салынып жатқандықтан жол салуға дейінгі жұмыстар бар. Айта кетсек, Алатау ауылдық округіндегі 16 мыңнан астам халықтың жартысы дәл осы Қызылқайрат ауылында тұрады.
Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы