Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар мен құралдар» атты конференцияға қатысушыларды бейнеүндеу арқылы құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент қазір басшылық қызметтегі әйелдердің қатары көбейіп келе жатқанын айтты. Парламентте арнайы квота беріліп, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылғанын атап өті.
«Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 пайыздан асты. Жеке кәсіпкерлердің тең жартысынан көбі – өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Біз еліміздің дамуына белсене атсалысып жүрген осындай іскер аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Таяуда әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру мақсатымен еліміз бойынша 17 орталық ашылды. Осы орталықтар сіздердің бизнестегі жаңа идеяларыңызды іске асыру үшін жұмыс жүргізетін болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.