|
03.03.2021 | 20:29
872

Атырауда автогаз тапшы: Облыс әкімі қарамағындағы шенеуніктерді кінәлады

Бұл ретте газдың құны күрт өсті

Атырауда автогаз тапшы: Облыс әкімі қарамағындағы шенеуніктерді кінәлады Фото: centrogas.ru

Бүтіндей республиканы мұнайымен асырап отырған Атырауда автогаз тапшы. Салдарынан көлік жүргізушілері көгілдір отын таба алмай әлек. Олар тапшылықты қолдан жасалған десе, облыс әкімі қарамағындағы шенеунік кінәлі дейді. Тақырыпты толықтыруға сол өңірдегі Almaty.tv тілшісі Аслан Жеңіс тікелей эфирге  байланысқа қосылды.

– Аслан, қайырлы кеш! Энергетика министрлігі бірер күн бұрын ғана газ бағасын реттеуді тоқтатқан болатын. Бұл ретте газдың құны күрт өсті. Тапшылық содан ба?

– Қайырлы кеш, Қайрат! Иә, Атырауда бірнеше күннен бері автогаз тапшы. Өткен аптада Энергетика министрлігі сұйытылған отынның бағасын реттеуді тоқтатқан болатын. Алайда лезде сұйытылған газдың бағасы күрт өсті. Өйткені осы уақытқа дейін жүргізушілер газды 52-53 теңгеден алып келсе, ал қазір, 60-65 теңгеге жеткен. Бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қарамағындағы шенеунікті кінәлады. Сөзінше, автокөліктерге қажет сұйытылған газ тапшылығының туындауына қатысты жауапты тұлғалар салғырттық пен шабандық танытқан.

«Жауапты басқарма басшылары мәселені дер кезінде шешпей, ушығуына  жол беріп отырсыздар. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС мен салалық Энергетика министрлігімен тығыз байланыс жасап, мәселені созбақтамай реттегенде мұндай жағдай болмас еді. Осы олқылыққа қатысты тікелей жауапты тұлғаларға қызметтік шара қолданылады», – деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.  

Ал, атыраулық жүргізушілер мұнымен келіспейді. Сөзінше, мұның бәрі газ бағасын өсірудің айласы екен-мыс. Мұнай мен газ өңдейтін зауыты бар өңірде газдың тапшылығы болғанына наразы. Әдетте газ құю бекеттерінде қайнап жатқан жұмыс, қазір тым-тырыс. Өйткені «газ жоқ» деген жазу ғана ілулі тұр.

«Жергілікті жерде өндіріліп жатқан газ ғой. Халықтың қамы үшін аздап болса да игілігіне пайдалану керекқо. Қаншама халық тұр. Осы жерде бір аптадан бері әдейі қолдан жасап отырғой. Үш күннен бері жұмысты қойып осы жерде очередьте тұрмыз. Таңертеңнен кешке дейін», – деді Атырау қаласының тұрғыны Жаңабай Сисекенов.  

«Басқа жерде айналып шықтым, таба алмады.  Қиындау ғой мынау деген. Көліктің көбі газбен жүреді. Біреулер айтады қасақана өсіру үшін деп жатыр. Білмеймін қалай екенін», – деді Атырау қаласының тұрғыны Ғазиз Жақсығалиев.

Айта кетейік, сұйытылған отын Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығады. Кәсіпорындағылар тапшылықтың себебін КЕГОГ-тың кесірінен болған апаттан дейді. Яғни, ірі құрылғылар жиырма бір рет сөніп, ақау пайда болған. Сондықтан өндіріс мәжбүрлі түрде тоқтатылыпты. Бірақ әкімдіктегілер өзге өңірлерден көмек сұрап жатқанын айтты. Айта кетейік, аймақта 50-ден астам газ құю бекеті болса, өңірде газбен жүретін 13 мыңдай автокөлік бар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир