Орталық мешіттің ауласында вакцинациялау пункті де ашылған
Алматы мешіттерінде бүгін жамағатпен жұма намаз оқылды. Араға бір жыл салып мұсылман жұртшылығы бір-бірімен Алла үйінде кездесіп, ел амандығы үшін дұға жасады. Қаланың бас санитар дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, санитарлық талаптарды сақтай отырып құлшылық ашық аспан астында өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұп-тура 58 аптадан кейін оқылайын деп тұрған жұма намазға дайындық ерте басталды. Мұсылман қауым бір жарым метр арақашықтық сақтап, сап түзеді. Мінәжат үйіне келушелерге бетперде тағып келу басты талап болды. Діни бірлестік қызметкерлері осы күнге аман жеткеніне шүкіршілік етіп құрбан шалып, жоқ-жітіктерге садақа таратты.
«Сағынып жеткен жұма намазымыз болды. Бұдан кейін де Алла Тағала бізден осы жұма намазымызды бізден алмаса екен. Елімізге, жерімізге жұмалықты өткізіп тұруға Алла нәсіп етсін», – деді қала тұрғыны Закария Әбутәліпұлы.
«Кеше өзім мешітке келіп сырттағы нені көрдім де сұрастыра бастадым. Жұма рұқсат етіпті. Алланың қалауымен келіп отырмыз бүгін», – деді қала тұрғыны Айбол Қалмырзаев.
«Жаңа имамның өзі айтып жатыр бір жыл сабырлық сақтап күтіп едік, осы жұманы. Міне, бүгін қауышып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Қанат Тубеков.
Сонымен қатар, орталық мешіттің ауласында вакцинациялау пункті де ашылған. Жұма намазға келген мұсылман жұрты осында келіп коронавирусқа қарсы екпе алуына мүмкіндік бар. Екпе егу ашық аспан астында жүргізілуде. Ол үшін мынандай жылжымалы медициналық пункт ұйымдастырылған. Осы автобустың ішінде дәрігерлер екпе жүргізеді.
Мешіт ауласында №1 қалалық емхананың көшпелі бригадасы жұмыс істейді. Бүгін мұнда ресейлік Спутник-V вакцинасының 50 дозасы жеткізілген. Дәрігерлер оның жартысынан көбін түске дейін тұрғындарға салып үлгерген.
«Егерде жағдай нашарлап кетсе немесе шок болса, бізде анафилактикалық шокқа қарсы укладкалар болады. Барлық жағдай жасалған. Адамдарға айтарымыз екпе салып болғаннан кейін моншаға барып, шомылмау керек. Физикалық жүктеме болмауы керек», – деді №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Жанар Қайратқызы.
Айта кетейік, қала бойынша соңғы тәулікте 6 623 адам вакцина алды. Оның ішінде 198-сі QazVac екпесін алған. Осылайша, бүгінге дейін 209 197 алматылық егілген.
«Бүгін жұма намазға келгенмін. Ауласында ковидқа қарсы вакцина салып жатыр екен. Өз еркіммен келіп салдым, жақсы сезінемін. 21 күннен кейін екінші компонентін аламын», – деді қала тұрғыны Майданғали Абылханов.
Еске салайық, бұдан бөлек қаладағы өзге 6 мешіттің ауласында екпе егу пункттері орналасқан. Онда кешкі сағат 18.00-ға дейін үзіліссіз тұрғындарды қабылдайды.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы