1 шілдеден бастап мүгедекке күтім жасайтындар 41578 теңге жәрдемақы алады

28.06.2019 01:17

Алматы бойынша мұндай жәрдемақы 7500 адамға тағайындалған

1 шілдеден бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған және бала кезінен  І топтағы мүгедекке күтім жасайтын азаматтар үшін жәрдемақы көлемі 30 пайызға өспек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай отбасылар бұған дейін күн көріс көлемінің 1,05 мөлшерінде 31183 теңге жәрдемақы алып отырған болса, енді ол 10395 теңгеге өсіп, 41578 теңгені құрайды.  

Айта кетейік, елімізде аталған екі жәрдемақы түрімен 100 мыңнан астам адамды қамту көзделген. Олардың 82 мыңға жуығы мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар болса, 13 мыңнан астамы – бала кезінен I топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндер. Алматы бойынша мұндай жәрдемақы 7500 адамға тағайындалған.

«Алматы қаласы бойынша бұл жәрдемақыны алатын адамдар саны - 6476. Сонымен қатар бала кезден 1-топтағы мүгедектерге күтім жасайтындарға да осы мөлшерде мемлекеттік жәрдемақы көбейеді. Міне сол кісілер бұрын 31 мың 183 теңге алса, 1 шілдеден бастап олар 41 мың 578 теңге алады. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды күтім жасайтын адамдардың саны 1087 адамды құрайды», – дейді Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментінің басшысы Айдынжан НАРМАТОВ.

Жыл ортасынан бастап көлемі өсірілетін жәрдемақын қайта есептеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері мен Еңбек комитетінің аймақтық департаменттері автоматты түрде жүзеге асырады. Яғни, бұл үшін жәрдемақы алушылар қосымша құжат тапсырмайды.