Алматыда толассыз жауған жаңбыр шеткі аудан тұрғындарын әбігерге салды

29.03.2022 02:33

Қалада өзен арналарын нығайту жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталып кетті

Almaty.tv

Алматыда толассыз жауған жаңбыр қала тұрғындарын әбігерге салды. Көшедегі арық желілері арнасынан тасып, коммуналдық және құтқару қызметкерлерінің жұмысы еселенді. Әсіресе шеткі ауданның жұрты жүріп-тұруымыз қиындайды деп мұңын шақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

   

Көктем шығып, күн жылынса болды, Алатау ауданы тұрғындарының көретін күні осы. Көшелерді су басып, көлік тұрмақ адамдардың жүруі қиындайды. Бәрінен бұрын жедел жәрдем мен қызметтік көліктер үйге дейін жетпейді деп халық қынжылады.

«Бұл ауданда 2 жылдан бері тұрамын. Өздеріңіз көргендей, көшемізде екі үлкен шұңқыр бар. Жаңбыр жауса, бұл жерге су толады. Балаларымыз сыртқа шығып ойнаудан қалады. Ересектер аялдамаға әрең жетеміз. Нөсер жауын болған кезде су тасып, үйге дейін жететін сәттер де болады. Аудандық төтенше жағдай қызметкерлері дер кезінде келіп, суды тазалап кетеді. Оларға үлкен алғыс айтамыз», - деді қала тұрғыны Олжас Атибиев.

Толассыз жауған жаңбыр кесірінен әсіресе осындай көшедегі тұрғындар зардап шегеді. Жүріп-тұру қиындайды. Сол себепті мұндағы жұрт осындай қапшықтарды құмға толтырып, қолдан көпір жасап қойыпты. Ауа райы құбылған сайын аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары дер кезінде келіп, көмек көрсетеді екен. Десе де, одан қайыр жоқ. Себебі мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Басты себеп – көшелерде арықтардың жоқтығы.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, Қарасу ықшымауданына қарасты Аралқұм көшесіне арық салу жұмыстары биыл жүргізіледі. 2020 жылы қала аумағындағы тозығы жеткен, мүлде арығы жоқ көшелер анықталған. Жобалық-сметалық құжаттама тізімінде көпшілік шағымданып келген осы көше де бар екен.

«Ол шығыс, батыс, орталық деп 3 бөлікке бөлінген. Қазір батыс бөлігіне желтоқсан айынан бастап құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алатау ауданында 4 көшені істедік. Ары қарай кезекпен Аралқұмға да келеміз. Сондай-ақ Әуезов пен Наурызбай аудандарында да жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Мұрат Жексенбаев.

Нөсер жауын жауса коммуналдық қызметкерлердің жұмысы еселенетіні белгілі. Төтенше жағдайлар департаментіне келіп түсетін қоңыраулар да жиелей түседі екен. Сала мамандарының айтуынша, жыл санап аудандағы су басу қаупі бар көшелер саны азайып келеді.

«Кеше, 27 наурызда Алатау ауданына 4 қоңырау түсті. 18 наурыз күні болған жауын-шашын кезінде 8 қоңырау түскен еді. Оның біреуі расталмады, қалғаны расталды. Оның ішінде осы Аралқұм көшесі де бар. Алатау ауданы бойынша осындай 10 учаске болған. Соның бесеуінде мәселелер шешілді», - деді Алатау ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Марат Исалиев.

Жасыл экономика басқармасы мамандарының айтуынша, қазір қалада ұзындығы 370 шақырым болатын арық желілерінің тозығы жеткен. Апатты жағдайдағы суағарларға күрделі жөндеу жүргізіліп, өзен арналарын нығайту жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталып кеткен.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы