Белгілі журналист Григорий Дильдяев дүниеден озды

08.09.2022 в 01:17

Журналисті ақтық сапарға шығары салу рәсімі ертең 8 қыркүйекте «Ғылым ордасында» сағат 11:00-де өтеді

«Казахстанская правда» газетінің бұрынғы басшысы Григорий Дильдяев 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұзақ жылдар бойы тілші, редактор болып, журналистика саласында 50 жылдан астам абыройлы қызмет етті. Еңбек жолын «Ош» облыстық басылымында корректор болып бастап, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанды.

Мінезі қағылез Григорий Дильдяев тілшілік қызметке ерте, студент шағынан араласты. Журналистика саласындағы еңбек жолын «Ош» облыстық басылымында корректор болып бастап, «Аз и Я», «Казахстанская правда», «Азия-эконмика және өмір» газеттерінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. Баспа қызметімен де айналысты. Қос дәуірді қаламына арқау еткен журналист қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, тілшілік міндетін лайықты атқарды. Өте ұйымшыл әрі мейірбан жан деп еске алды.

«Ол бәрімізге қорған бола білді. Қарамағындағы тілшілер өз жұмысын дұрыс атқаруы үшін бар жағдайды жасауға тырысатын. Жақсы редактор деген кім? Жақсы редактор деп мен Григорий Дильдяевті айтар едім. Өйткені өзімен қызметтес болған барлық әріптеспен керемет байланысты сақтады. Біз бәріміз оны жақсы көреміз», – деді Г. Дильдяевтің әріптесі Николай Веревочкин

Григорий Дильдяевтің артында жылдар бойы жиған еңбектері, газет мұрағаттары мен оның қатысуымен жазылған кітаптары мұра болып қалды. Қаламгердің жақындары оны өз мамандығына қаншалықты ыждақаттылықпен берілсе, отбасына да сонша ерекше көңіл бөлетін дейді.

«Әкеміз бар ғұмырын журналистикаға арнады, адал атқарды. Бәрімізге қарайласып жүретін», – деді Г. Дильдяевтің ұлы Ярослав Дильдяев.

«Оны еске алып жатқан жақын-жаран, әріптес көп. Бәрінің айтары бір. Ол өте қамқор әке, мейірімді жар  бола білді», – деді Г. Дильдяевтің жары Вера Дильдяева.

Журналисті ақтық сапарға шығары салу рәсімі ертең 8 қыркүйекте «Ғылым ордасында» сағат 11:00-де өтеді.