Депутаттар елдегі онлайн несие беруге тыйым салуды күн тәртібіне енгізді

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Оларға қарыз болған ел азаматтарының саны 1,2 миллионға жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Депутаттар елдегі онлайн несие беруге тыйым салуды күн тәртібіне енгізіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген соңғы ақпарға сүйенсек,  қазір Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ресми лицензияланған 1046 ұйым жұмыс істейді. Бұл қатарда онлайн микрокредит беретіндерден бөлек, ломбардтар да бар. 1 сәуірдегі дерек бойынша, оларға қарыз болған ел азаматтарының саны 1,2 миллионға жеткен. Бұл ретте тұтынушылық кредиттердің жалпы сомасы 318 миллиард теңгеге өсіп кетіп отыр.

Жай цифр емес, мұның бәрі – қарыз. Жай қарыз емес, проблемалық қарыз. Бұған дейін «Ақ жол» фракциясының депутаттары мәжілісте онлайн кредиттеуге тыйым салуды ұсынған еді. Жуырда өткен Парламент отырысында аталған мәселеге қатысты заң жобасы мақұлданып, құжат Мемлекет басшысына жіберілді.  

«1 айға беретін несиенің сомасы 103 млрд теңге. Ал алған алушылардың саны 811 мың. Соның 40 пайызы өзінің ақшаларын уақытылы төлей алмай тұр. 90 күннен астам олардың қарыздары уақытында төленбеген. Сондықтан, онлайн несие, онлайн займ дейміз, тоқтату керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева.

Тоқтатуға төлей алмау ғана себеп емес. Күн санап микроқаржы ұйымдарына борышкер боп жатқандар көбеюде. Мәселен, 18 жасқа толған кез келген ел азаматы кредиттік тарихының нашарлығына қарамастан, 300 мың теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Көпті құмартқаны да сол, бір азаматтың бір уақытта бірнеше ұйымнан қарыз алуға да мүмкіндігі бар.

«Бір - екі рет микрофинанстан ақша алғам. Мысалы, соңғы рет 250 мың теңге көлемінде. Уақытылы төлей алмағаннан кейін, пайызы өсіп кетіп, содан кейін жоламайтын болдым. Шыны керек, қазір екінің бірі микрофинанстан алады ғой ақша. Көпшілігі жаңағыдай, әртүрлі жағдаймен алады ғой, бірақ көбі құмар ойынға басымен кіріп кетіп, содан микрофинанстан қарызға ақша алады», – деді қала тұрғыны Шыңғыс.

Шағын несиелердің екінші деңгейлі банктер беретін несиелермен салыстырғанда бірқатар артықшылығы бар. Ол азаматтың ақшаны ешқандай кепілдіксіз әрі қолма-қол ала алатыны. Бастысы, ол адамның интернет, қазақстандық банктердің біріндегі шот пен жеке басын куәландыратын құжаты болса болғаны. Демек, микроқаржылық ұйымдар кірісті ресми растауды және анықтамаларды талап етпейді деген сөз.

«Заң бойынша, егер азаматтың тұратын тұрғылықты орны болмаса, зейнетақысы түспесе, оған ақша қаражаттандырылмауы керек. Олар онысын қоя тұра, басқа қарызы бола тұра, ақша беріп жатады.  Қазір бізде көптеген жағдай орын алып жатыр, қылмыстық іс күнде қозғалады. Бір кісі жеке куәлігін жоғалтып алса, оның куәлігін тауып алған азамат оның атынан онлайн түрде микроқаржы ұйымынан ақша рәсімдеп жатыр», – деді заңгер Ғабит Тұрсынбай.

Жаһандық тәжірибе не дейді? Әлемде мұндай микрокредиттер кең тараған және PDL - Pay Day Loan, яғни жалақыға дейінгі қарыздар ретінде танымал. Бұл микронесие сегменті экономикасы дамып кеткен АҚШ, Ұлыбритания, Испания мен Польша, Австралия сынды елдерде де бар. Одан бөлек, Үндістан, Венгрия, Мексика, Болгария мен Румыния сынды дамушы елдер де кредиттеудің осы жолын тәжірибеден өткізген.


«Бүкіл әлемде микронесиелеу жаңа технологияларды қолдану арқылы жұмыс істеп жатыр. Бізде де ұйымдардың лицензиясы бар, олардың жұмысы заңды. Ал азаматтардың несие алып алған соң, төлей алмай, сотқа дейін барып жатқаны өздерінің салғырттығынан емес пе? Төлей алмайтын соманы алудың не керегі бар? Мұндай несие беру орындары адам тығырыққа тірелгенде көмектеседі, бірақ қайта-қайта қарызға бату деген сөз емес», – деді қаржыгер Андрей Чеботарев.

Қазір микроқаржылық ұйымдар мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бірлесіп, микронесиелер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемесін одан әрі төмендетуді қарастырып жатыр. Бұған дейін бұл 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болатын. Өз кезегінде үкімет тиісті шараларды қабылдап жатыр.



Новости партнеров