Полиция аталған істің әлі де ақ-қарасы анықталып жатқанын хабарлады
«Жиһаз дайындап беремін деп сан соқтырып кетті». Қаланың онлайн-жарнамалар платформасында түрлі мүлікке тапсырыс берген бір топ тұрғын осылай дейді. Олардың айтуынша, кемі 200 мыңнан 2 миллионға дейін сомада бұйымдарды дайындап беремін деген азамат ақшаны қайтармай қойыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алаяқтың құрбаны болдық деп арызданған бір топ азаматпен жиһаз жасаушы тіпті арнайы схема бойынша жұмыс істепті. Мәселен, зардап шеккендер алдымен сайттан жиһаз жасау туралы хабарландыруды көріп, шебермен кездесуге келіседі. Мекенжайға келген жас жігіт жиһаз тұратын жерді өлшеп, тұрғындардың сеніміне кірген. Азаматтардан дайын өнім құнының 70 пайызын алдын ала төлем ретінде алған ол кейіннен қайта хабарласып, ақшаның жетпей жатқанын айтып, толық төлемге қол жеткізіп отырыпты. Солай сан соғып қалдым дегендердің бірі Гүлнұр Нұрғазина 1 жылдан бері не жиһаз, не ақша жоқ деп зар жылайды.
«Маған 1 млн 420 мың теңге қарыз. Әлі күнге дейін маған 1 тиын ақшамды берген жоқ. 21 күнде әкеліп қойып береміз деген соң, жарайды дедім. Күтіп шаршадым», – деді зардап шеккен азамат Айнұр Нұртазина.
Зардап шеккендер алданғанын дәлелдеу үшін біраз есікті қаққан. Дегенмен жас жігітті заңмен мәжбүрлеу мүмкін болмапты.
«Мен полицияға арызданғанда, ол жігітпен жүздестік. Тіпті сол жерде ақшаны қайтарып беремін деген қолхат жазып берді. Бірақ тағы жоғалды. Кейін адвокат жалдап, соттасып, оны сотта жеңіп шықтық. Солай шығыным тіпті көбейіп кетті. Арада 4-5 ай өтсе де, ол әлі емін-еркін ақшаны қайтармай жүр. Кейін ортақ топ ашылғанда, мен сияқты құрбандардың көп екенін білдім», – деді зардап шеккен азамат Рустам Юсупов.
Біз хабарласқанда телефонға жауап берген жиһаз жасаушының өзі ақшаны қайтарып беруден қашпайтынын айтады.
«Мен тапсырыс берушілердің шағымдарымен келіспеймін. Жеке кәсібім 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әр тапсырыс келісімшарт арқылы жүзеге асады. Қазір азаматтық сот бойынша берешегім қыркүйекке дейін орындалатын болады», – деді жиһаз жасаушы.
Дегенмен зардап шеккен көпшілік мұндай уәдеге тойдық дейді. Аталған іске қатысты полиция әлі де істің ақ-қарасы анықталып жатқанын хабарлады.
«Бүгінгі таңда бірнеше алаяқтық дерегі бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс тергелуде. Полицияға ресми түрде 11 азамат шағым түсірді. Олардың барлығы қылмыстық іс аясында жәбірленуші болып танылды. Қазіргі таңда болған деректердің объектівті мән-жайлары анықталу үстінде», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Осыған дейін қолдан келгеннің бәрін жасадық деген көпшіліктің әзірге күтуден басқа амалы жоқ. Олар талай азаматтың уәдесін алып, тақырға отырғызған жас жігіттің ақшаны қайтарып беруін талап етеді.
Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы