Құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасына саяси баға берілуін сұрады

Almaty.tv
Almaty.tv
Содырлардың жаппай тәртіпсіздік сценарийі кем дегенде 2 жыл дайындалғаны айтылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген тәртіпсіздіктің сценарийі кем дегенде 2 жыл дайындалған. Содырлар әрбір іс-әрекеті мен қадамын асқан мұқияттылықпен жүргізген. Сондықтан да белгілі құқық қорғаушылар оқиғаға саяси баға берілуін сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Парламент – нақты заң мен фактіге сүйене отырып сөз сөйлейтін орын. Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысына жиналған депутаттар мен тәуелсіз адвокаттардың ортақ пікірі осындай. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым еліміздегі әскери бөлімдердің жағдайы сын көтермейтінін ашық айтты. Бұл салаға бөлінетін қаржы көлемін қайта қарауды сұрады. Қажет болса арттыру керек екенін ұсынды.   

«Елге, өңірге шыққан кезде талай әскери бөлімді аралап көрдік. Ашығын айтайын, кейбір әскери бөлімшелерде әскери қосындарды көріп, көпті көрген менің өзімнің төбе шашым тік тұрды. Сонда осы кезге дейін армиямызға бөлінген қаржы-қаражаттар қайда, қалай жұмсалды? Осыны егжей-тегжейлі қарауымыз керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 ақпанда Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзінде еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру алдымыздағы маңызды міндет екенін атап өткен еді. Тәртіпсіздік кезінде ұсталғандардың конституциялық қауіпсіздіктерін қорғау керек екенін қадап айтты. Осы орайда бірнеше қоғамдық комиссияның көмегімен тергеу изоляторында жазықсыз отырғандар босап шықты. 

«Комиссия жергілікті органдармен бірлесе отырып, 300-ге жуық адамды қамаудан босатуға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз, әрине, жалғасын табатын болады. Дегенмен соңғы 3 апта көлемінде комиссия өңірлерге шықпай-ақ, өз жұмысын орталық және мемлекеттік құқық қорғау органдары арқылы жүйелі түрде жұмыс істеп жатқаныдығына назарларыңызды аударғым келеді», - деді «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұл жұмыстың бәрі ел арасында ашық, бүкпесіз тергеуді ұсынды. 

«Бас прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын барынша ашық жүргізіп, болған жағдайларды ашық көрсетіп, ештеңені жасырмаған жөн. Себебі жасырын процес ел арасында сенімсіздік тудыруы мүмкін», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Халық қалаулылары жақында ғана өңірлердегі мәселені көзбен көрмекке аймақтарды аралаған болатын. Мәжілістің жалпы отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе – жастар арасында белең алған жұмыссыздық.

«Қамалғандармен кездесу барысында біразының көптің буымен еріп кеткен жұмыссыз, кездейсоқ жастар екеніне де көзіміз жетті. Ендеші осы жастардың жұмыспен қамту мен олардың өмір сапасын жақсарту үшін қандай шұғыл шаралар қабылдап жатырсыздар?» - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбиев.

Осылайша, бүгінгі күн тәртібінде қаралған мәселенің басым көпшілігі қаңтар оқиғасына қатысты болды. Бұл реттегі жұмыстарға қоғамдық бақылау күшейіп отыр. Қаңтар бүлігі қайталанбау үшін енді не істемек керек? Қабылданатын нақты шаралар тетігі қандай? Бұл мәселеге үзілді-кесілді қорытынды жасау әлі ерте дейді жауаптылар.

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров