Мемлекет басшысы елмен бірге екенін көрсетті – депутат

23.03.2022 01:17

Қоғам қайраткерлері мен мәслихат депутаттары Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Алматыға сапары туралы осындай пікір білдіріп жатыр

Мемлекет басшысы елмен бірге екенін көрсетті. Қоғам қайраткерлері мен мәслихат депутаттары Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Алматыға сапары туралы осындай пікір білдіріп жатыр. Аға буын өкілдері жұрт Президенттің Жаңа Қазақстан құрудағы бастамасын жаппай қолдауымыз қажет деп есептейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Тұрабаев Президенттің ел арасынан табылғаны қалың көпшілік үшін күтпеген жайт болғанын жасырмады. Мұнысы әкімдерге үлгі дейді. Осыған дейін ел алдына шығып, халықпен етене араласуға тапсырма берсе, соны алдымен өзі жасады дейді. Алайда бұл үрдіс қалыпты дүниеге айналуы тиіс деген ойын бөлісті.

«Қаңтар оқиғасында ең көп залал шеккен ол біздің Алматы кәсіпкерлері. Соларға көңіл аударып, солармен бірге отырып, мұңын тыңдап жалғыз мейрамды құттықтау емес кәсіпкерлердің ой-пікірін тыңдап кеткені өте маңызды деп есептейміз. Өйткені қазір өздеріңіз білесіздер экономикадағы болып жатқан жағдай осы кәсіпкерлерге тиеді», – деді қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Тұрабаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға сапары көптің есінде қалып, көңілінен шыққаны байқалады. Әлеуметтік желіге тараған видеолар өз алдына, Президенттің жаңа теннис орталығына барып, спортшымен теннис ойнағаны елді сүйсінтті.

Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов Президенттің Ұлыстың ұлы күнін ауқымды түрде дәл Алматыда атап өтуге мән бергені тегін емес дейді. Мемлекет басшысы елдің қайта түлеп, қайта жаңаруына алматылықтар белсене атсалысатынына сенім білдірді. Президенттің бұл ықыласын халық қолдайтыны кеше айқын көрінді деген ойда.

«Халықты қарасаңыздар бәрінің қолында камера бар. Бәрі қолын ұстағасы келіп, жақындағысы келді. Халықтың көңілі ерекше болды. Алматылықтар басқаша, ерекше», – деді Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.

Қаңтар оқиғасынан кейін табиғаттың жайлы мінез танытуы да, халықтың қабағының ашылуы, мемлекет басшысының бұқараның қасынан табылуы жұртқа шынайы ерекше күй сыйлады дейді белгілі жазушы Смағұл Елубай.

«Халқы өте разы болды. Өзінің мемлекет басшының қасында, ортаға алып тұрып жаңа жылды қарсы алып, ел менен ел басшысының бірлікте болуы тәрізді бізге әсер қалдырды», – деді жазушы, драматург Смағұл Елубай.

Биылғы әз Наурыз расымен жаңарудың мейрамына айналғандай. Ел ағалары Президент өзінің сапарымен елдің еңсесін көтеріп, жұрттың күдік дендеген көкейіне сенім ұялата білгенін алға тартты.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы.