Президент Nur Otan партиясының негізгі міндеттері мен кемшіліктерін атады

29.01.2022 01:49

Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезі жабық режимде өтті

Фото: Nur Otan

«Мен Мемлекет басшысы ретінде ашық әрі әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Біраз уақыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, Nur Otan партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз». Бүгін партия төрағасы болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұйымның кезектен тыс XXI съезінде осылай деді. Президент жиында көшбасшы партияның негізгі міндеттері мен оның жұмысындағы кемшіліктерді атады. Оған еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық делегат онлайн форматта қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Жиында Елбасы Nur Otan партиясы еліміздегі басты саяси күш екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев съездің тарихи мәніне тоқталып, Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партиясының Төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысын партияластары қолдайтынына сенім білдірді.

«Кейінгі бір жарым жыл ішінде партия жүйелі түрде қайта жаңғырды. Оны толық басқаруды қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсыру бұл процестің соңғы кезеңі деп санаймын. Партиядан президент сайлауына ұсынылған және қолдауына ие болған адам оны басқаруға тиіс. Бүгінде Қазақстан Президентінің басшылығымен маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүзеге асуда. Барлық қажетті ресурсы бар Nur Otan партиясы оларды орындау барысында сенімді тірек болуы керек», - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентіміз еліміздің іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елорданы Сарыарқаның орталығына көшіру үлкен рөл ойнағанын да тілге тиек етті. Бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек деді. Одан кейін партия жұмысындағы кемшіліктер туралы айтты. Әсіресе қиын сәтте партияның кадрлық және адами әлеуеті толық қолданылмады деп баға берді.

«Алда мынадай басымдықтарға баса назар аудару міндеті тұр. Біріншіден, партия қатарындағы ынтымақтастықты нығайту, қоғамның барлық құрылымдық күштерін біріктіру. Партия өз қатарына әртүрлі қоғамдық-саяси топтардың өкілдерін, отандастардың сеніміне ие нағыз көшбасшыларды белсендірек тартуы керек. Өкінішке қарай, партияда мұндай адамдардың жеткіліксіз екенін көрдік», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаңтар қасіретінің себебі мен салдарын терең талдау керек екенін айтты. Ел азаматтарының ұйымшылдығының, ынтымағының, батылдығының, саналылығының арқасында мемлекеттің күйреуін болдырмай, қазіргіден де көп қантөгіске жол берілмегенін атап өтті. Ал Nur Otan депутаттарының лайықты беделінің қандай екенін қаңтар оқиғалары көрсетіп берді деді.

«Партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге қатысуын күшейту қажет. Мәслихат депутатының төсбелгісін өңірлік элитаға қатысын білдіретін алдамшы атрибут немесе жоғары кабинеттерге рұқсаттама деп қарастырмау керек. Бұл оның халық атынан сайланғанын және халық мүддесі үшін жұмыс істеуі қажеттігінің айғағы. Депутаттар осы түбегейлі айырмашылықты нақты түсінуі керек. Әзірге біздің депутаттардың азаматтар арасында лайықты беделі жоқ. Бұл қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде айқын көрінді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамда азаматтардың сыбайлас жемқорлық әдетінен мүлдем бас тартуын қалыптастыру маңызды екенін атап айтты. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорына қаржы аудармаған танымал бизнесмендерді сынады. Сонымен қатар Jas Otan қатарына жастар арасында сенімге ие көшбасшыларды тартуды тапсырды. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымын өзгертуді ұсынды. Ал Nur Otan басшылығында қалатыны туралы мәселені қайта қарауымыз мүмкін деді. Айта кетейік, партияның саяси кеңесінің жаңа құрамы 55 пайызға бекітілді.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан