Алматы тұрғынынан тәркіленген арыстан күшігі зообаққа өткізілді

20.02.2019 01:18

Алматылық азамат Ресейден контрабандалық жолмен жеткізілген арыстан күшігі арқылы пайда таппақ болған

Ресейден контрабандалық жолмен жеткізілген делінген арыстан күшігінің Алматы зообағында қалу-қалмауы әзірге белгісіз. Кеше алматылықтан тәркіленген абдан қазір ветеринарлардың қатаң бақылауына алыныпты. Оның тағдыры тергеу амалдары біткен соң белгілі болмақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.  

Қазір 3 айлық алан ветеринарлардың қатаң бақылауында. Тиісті сараптамалар жүргізіліп, денсаулығында кінәрат бар-жоғы анықталатын болады. Ал Алматы зообағында оның қалу-қалмауы тек тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болмақ. Дәрігерлердің айтуынша, күшік көпшілікті ұнатады екен. Тіпті, жалғыз қалса, іші пысатын көрінеді. 

«Жабайы жануарды күтіп ұстау үшін белгілі бір талаптарды орындау қажет. Оған ойыншық ретінде қарауға болмайды. Бізге жеткізілген абданның тырнақтары кесілген, дұрыс күтім жасалмаған. 30 мың теңге үшін оны жан-жаққа апарған. Ал өскен соң қалай болмақ? Енді барлығы заң жүзінде шешілетін болады», – деді Алматы зообағының директоры Айгүл ТӨЛЕЕВА.  

Алматы зообағы өз келушілері үшін тосынсый дайындап жатыр. Таңсық жануарлар үйі күрделі жөндеуден өтті. Оның тұрғындары үшін де жағдай жасалған. Тіпті, арнайы қосымша арқылы тордағы ауаның температурасын, ылғалдылығын басқаруға мүмкіндік алған.


«Мысалы, тордағы ылғалдылықты немесе температураны түсіріп-көтеру үшін арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асырамыз. Ол былай жүзеге асады. Әр жануар мен жәндіктердің торында арнайы құрылғы орналасқан. Сол арқылы қажетті ақпаратты алып отырамыз», – дейді зообақ қызметкерлері.  

Экзотариумде қазір 30-дан астам улы жылан бар. Олардың барлығын тамашалау үшін торлар әйнекпен жабылған. Зообақ қызметкерлері бұл алдымен қауіпсіз әрі ыңғайлы екенін алға тартуда. Жақын арада таңсық жануарлар үйі өзінің алғашқы келушілерін қабылдайды.  

Алматы зообағы тарихындағы тағы бір ерекше оқиға – алғаш рет фламинго балапандады. Қазір ол арнайы орынға орналастырылған. Аяғы бітіп-жетілгеннен кейін өзге құстардың қатарына қосылады. Зообақтағылар жануарларды тамашалауды жиілету керек екенін айтады. Балалар бір сәт гаджеттерден бас алып, табиғатқа етене жақын бола түседі дейді.

Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы