«Төрт түлігіміз терең шұңқырға түсіп, әлекке салды». Осылай деген Алматы облысының халқы арнамызға хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төрт түлікті тіршілік көзіне айналдырған Талғат Жаңабайұлы трактор қопарып кеткен жерді күні-түні күзетіп әлек. Айтуынша, 4 күн бұрын қазылған терең шұңқырға малы құлап, әбден әбігерге түскен.
– Жерді қазғаны дұрыс болмады. Мал түсіп кетеді. Егер ірі-қара түсіп кетсе, оны шығара алмайсың ғой. Асау болса, 5-6 адам керек болады, – деді бақташы Талғат Смайылов.
Берекесі кеткен бақташы «егістіктің қоршалғанына қарсы емеспін, тек орды терең етіп қазғандары кедергі» деп отыр. Сөзінше, маңайдағы Күрті ауылының малы да осы шұңқырға жиі түсіп кетеді. Ол аздай, күре жолды кесіп өткен үй жануарларын көлік қағып кетеді екен.
Екі күннің бірінде ешкісі түсіп, елдің есі кеткен шұңқырдың биіктігі 2 метрден асады. Жануар тұрмақ, адамның өзі қаңтарылып қалады. Мұндағылар шамамен 500 гектар жер осылай шұңқырмен қоршалғанын айтты.
– Отыз жыл адам баспаған жер еді. Биыл егін егіліпті. «Ор қазбаңдар» деп түсіндіріп айттық. Ешкім тыңдамады. Әкімдіктегілер де мардымды жауап бермеді, – деді ауыл тұрғыны Айнагүл Смайылова.
Жауапты әкім жағдайды өзінше баяндайды. Егістікке елдің малы жиі түседі деп ескерту келгесін, шаруа қожалықтың егесі қоршау салудың орнына шұңқыр қазған. Ал заң жүзінде бұл маңға ешкім мал жаюға құқылы емес көрінеді.
– Егінге біздің округтің азаматы Талғаттың малы түсіп кетеді. Ол кісілер бізге видеосын көрсетіп шағымданған. Заң бойынша бойынша жерді бұлай қазуға болмайды. Междуреченск әкімдігі де хабардар. Бұл кісілерге ескерту жасап, жер қазуын тоқтаттық, – деді Күрті ауылдық округінің әкімі Төлеген Омаров.
Ал 900 гектар жердің иесіміз деген шаруашылықтың өкілі мұнда күздік бидай егілгенін айтып, еңбек еш кетпесін деген оймен маңайды қазып тастағанын жеткізді. Алайда ірі-қарасы шұңқырға түсіп, қалтасы жұқарған жұрт болса, шығынын өтеуге дайын екен.
– Шамамен 500 гектар жерді қоршадық. Оның үстіне, егін толық шықпады. Басында үйір-үйір жылқылар кірді, сосын қой кіріп егістікті таптап кетті. Бізге бұл жерді қоршау тым қымбатқа түседі. Сондықтан жер қазу дұрыс емес екенін біле тұра, солай істеуге мәжбүр болдық. Шығынды өтеуге дайынбыз, – деді шаруа қожалығының өкілі Юрий Мунтян.
Жанын мал бағып, күн көретін Күрті ауылының халқы жайылым жер жетіспейтіндігін де жасырмады. Қазылған шұңқырға қатысты қарсылығын да айтып қалды. Алайда қазіргі жағдайға қанағат етеміз деп қана жауап берді. Мұны тарыққаннан, жоқ алде қорыққаннан айтты ма біле алмадық, әйтеуір ауыл әкімі тұрғындардың жанынан бір елі қалмады. Сала мамандары Күрті ауылындағы пайдаланылмай бос жатқан 45 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты. Бірақ мал бағып, күнін көріп отырған халыққа арнайы жайылым бөлінбеген.
– Бүгінгі таңда бұл жердің бәрінің иесі бар. Жер пайдаланылмай жатқан соң, қазір мемлекетке қайтару ісі қолға алынды. Ал енді малды қайда жаямын десе, Ақшиде үйі бар, сонда жайсын, – деді Күрті ауылдық округі әкімдігінің Ауыл шарушалығы бойынша бас маманы Саламат Алдабергенов.
Күрті ауылы маңында бұл жер телімдерінен бөлек, басқа да шаруа қожалықтарының аумағы шұңқырмен қазылған көрінеді. Алайда жергілікті билік оған қатысты жақ ашпады. Тек мәселені шешеміз деп сендірді.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, Мұратбек Алмасхан, «Алматы» телеарнасы