Жартылай құлаған үйде 7 адам тұрады
«Іс тіккенмен, ісім өнбей жатыр». Алматыда 6 баланың анасы тігін тігіп, күнелтеді. Оның өзі, бірнеше айда бір ғана тапсырыс қабылдаймын дейді. Мәселенің қиыны – көп баланың күркедей ғана жерде өмір сүруі.
Жартылай құлаған үйде 7 адам тұрады. Су, жарық, жылудың жоқ екені айтпаса да түсінікті. Жазда жағдай – осы, ал қыста 6 баланың қамы қалай болады, белгісіз.
«Төбесі түсіп, едені жарылған мына үйден басқа барар жеріміз жоқ» дейді Майнұр Досымхан. Бұған дейін бағасы қымбат болса да, жағдайы жақсы үйлерде тұрып көрген, қалта көтере қоймапты. Баламен пәтер жалдау қиын. Алда қылышын, сүйреп қыс келеді.
«55 мыңға келісіп тұрмын ғой. Бүкіл жәрдемақымды берсем де балалардың ішіп-жемін өзім табармын. Балалар жақсы жерде тұруы керек қой, жуынуы керек, мектеп басталады деген сияқты. Таза болуы керек. Барып іздеп көрдім, 6 емес, 4 бала деп іздедім. Балалармен алмаймыз дейді», – деді көпбалалы ана Майнұр Досымхан..
Майнұр 2002 жылы елге қоныс аударған. Балалардың әкесі қанша емдеткенмен, ішкіліктен арылмапты. «Қазір аман болса болды дегеннен әрі аспаймыз» дейді кейіпкер. Ендігі үміт - балаларда. «Бірінен соң бірі бой түзеп келе жатқан ұл-қызым үшін ғана өмір сүремін» деп отыр ана.
«Күндіз-түні отырмаймын. Қандай жұмыс келеді, кез келген жұмысқа кете берем. Күндіз балалардың сабағына көмектесем, түн ішінде ұйықтап қалғанда 1-2 сағаттық жұмыс іздеймін. Жинап кететін, жуып кететін деген сияқты», – деді көпбалалы ана Майнұр Досымхан..
Қызметтен қашпаймын деп өзі айтқандай, кейіпкер бірқатар қолдау орталықтарында бұған дейін тігін тігіп, сабақ үйретіпті. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Бар табысы бір жыртығын болса да жамап отырған ана адам тұрарлық баспана іздейді. Тегін сұрамайды, бастысы балалары таршылық дәмін татпаса деген тілек бар. Ал, көмектесем деген көпшілік үшін Майнұр Досалының байланыс нөмірін қалдырдық.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» теларнасы