|
15.01.2021 | 18:26
8816

Сатушының қателігі ме, әлде алаяқтық па: «Магнум» сауда желісінен тағы шу шықты

Арнамыздың редакциясына да тұрғындар хабарласып, шағымданды

Сатушының қателігі ме, әлде алаяқтық па: «Магнум» сауда желісінен тағы шу шықты Almaty.tv

Алматыда сауда дүкендерінің бірі тауар бағасын асыра сілтеп сатуда. Қала тұрғындары біздің редакцияға хабарласып, «Магнум» сауда желісінде кейбір азық-түліктердің салмағы баға көрсеткішінде жазылған мөлшермен сай келмейтінін айтып шағымданған болатын. Арна тілшілері жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында сауда орнына барған еді. Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт жалғастырады.

Әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түскен бұл видео көпшілік арасында күмән туғызған еді. Арнамыздың редакциясына да тұрғындар хабарласып, осындай жағдайдың көбейгеніне шағымданды. Жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында сауда дүкендерінің біріне жасырын камерамен бас сұғып, тек шұжық сатылатын бөлімге бардық.

Келушілерді осылай алдауға не түрткі болғанын анықтау мақсатында сауда дүкені желісінің жауапты маманына хабарласып, бұл жағдайды түсіндіруін өтіндік. Бірақ арнайы рұқсатпен 5 сағаттан соң қайта айналып келгенімізде, мұндағы қызметкерлер ілініп тұрған шұжықтарды түгел алып, орнына өзгелерін қойып үлгеріпті.  

Дәл қазір мына шұжық сауда сөресінен алынып тасталған. Бұған дейін түскі сағат 12-де келіп, тексергенімізде мұнда шұжықтың бағасы мен салмағы көрсетілген қағазы жабысып тұрған болатын. Ал, қазір алынып тасталған. Сондай-ақ, мына шұжық түрінің де салмағын өлшеген едік. Ол кезде мөлшері көбірек жазылған болатын. Енді, қайтадан өлшеп көрсек, мұнда салмағы  972 граммды көрсетіп тұр. Таразыда да өздеріңіз көріп тұрғандай 972 грамм.

Тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын мамандар - мұндай жағдай заңнамаға сәйкес, келушілерді алдау саналады дейді.

«Бұл заңбұзушылық деп табылады. Тиісті аудандағы полиция бөлімін шақыртуға құқығы бар. Мұндай фактілер анықталып, дәлелденген жағдайда, айыппұл салынады.  200 АЕК-ке дейін барады, лицензиясы тоқтатылуы мүмкін», – деді қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Сәуле Махатова.

Ал, сауда дүкенінің менеджері бұл жағдайды барынша түсіндіруге тырысты. Оның сөзінше, осындай оқиға бірінші рет орын алыпты-мыс.

«Ең алдымен бұл жерде кінә – сауда дүкенінің қызметкерінде. Себебі олар вакуумделмеген шұжықтарға баға құны мен салмағын жазбауы керек еді. Өйткені олар уақыт өткен сайын кеуіп, 10 грамм салмақ жоғалтады. Сондықтан оны әр 12 сағат сайын өлшеп отыру қажет. Біз тек вакуумделген шұжықтарға баға құнын жабыстырамыз. Енді осы қателікті жібергендерге жаза қолданып, олқылықты дұрыстаймыз», – деді сауда орталығы желісінің пиар-менеджері Дмитрий Шишкин.

Ал, тұтынушылар сауда дүкені қызметкерінің сөзімен келіспейтін көрінеді. Бұған дейін де дәл осындай жағдай болған. 9 қаңтарда қант бағасы да шарықтап, 235 теңгенің орнына 292 теңгеге бірақ жеткен.

«Мына жерден шұжықты мүлдем алмаймыз. Өйткені сапасы да ұнамайды. Алғанда салмағын тексере алмайсың. Бағасы дұрыс-дұрыс емес екенін де білмейсің», – деді қала тұрғыны Гүлбараш Мұқанова.

Десе де сауда орталығының қызметкерлері орын алған келеңсіздіктерді бірден түзетеміз деп уәде берді. Қант бағасының бірнеше сағатқа өсіп кетуіне жауапты қызметкер ескерту алып үлгеріпті. Ал, қант пен шұжық аламын деп, қалтасы қағылған тұтынушылардың артық ақшасын қайтаруға сөз берді.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир