Ол – Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын моңғол тіліне аударған ақын
«Алтын аралдың арғымақтары». Алматыда осындай атаумен ақын Бақытбек Бәмішұлының жыр кеші өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Саналы ғұмырында алғаш рет өткізіп жатқан жыр кешін Алтайдың арланы Оспан батырдың 120 жылдығына арнады. Жұртты поэзиямен сусындатып жатқан ізгі шараның өтуіне «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры ұйытқы болды.
Бақытбек Бәмішұлы «Махмуд Қашқари және моңғол тілі», «Моңғолия қазағының тілі: әлеуметтік қыры» атты монографиялар жазып, Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабын моңғол тіліне аударды. Одан бөлек, моңғол ақыны Чойномның «Алтай» дастанын, түріктің халық ақыны Қараожалан, түркімен ақыны Ораз Ягмуров өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Бақыт Бәмішұлы – «Мәңгі көк аспан астында», «Тұмарлы таң», «Бай Бұлғын жерім-ай», «Оспан батыр», «Айторы ғұмыр», «Азанбай абыз», «Зуқа батыр – аласапыран замана арыстаны» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Ажалсыз адам» атты әңгімелері мен «Алтын аралдың арғымақтары» сынды өлең-роман кітаптарының авторы.
«Бұл кісінің «Мәңгілік көк аспан астында», «Тұмарлы таң», Оспан батыр туралы дастандары қандай?! Кешегі Алтайда қиын-қыстау заманда көшіп-қонған ата-бабаларымыздың басынан өткен сұрапыл заманды өлеңмен жазып шыққан. Одан бөлек, аударма саласында да бұл кісі өндіре жазып жүр», – дейді ақын Серік ҚАЛИЕВ.
Әу бастағы мамандығы технолог болса да, тағдыры поэзиямен ұштасқан ақын «Сырқыраған сүйегім, сенің тасың – Бұлғыным» деп туған жерді жырлады. Сондай-ақ жыр кешіне келген зиялы қауым өкілдері оған «Тұнжыр шумақты, өресі биік өлеңдерінен ермен иісі аңқиды», және «бүкіл ғұмыры өлеңмен өрілген ақын» деген баға берді.