Бес-алты сағат кептелісте тұрамыз: Алматы облысының тұрғындары шағым айтты

13.09.2022 01:19

Теміржолды өтеміз деген талай тұрғынның да мерт болғаны бар

Almaty.tv

Елді елең еткізіп, елу адам толы автобусты жапырып өткен Шамалған стансасындағы пойыз апатын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Дәл осы жерде автобус жүргізушісі опат болып, бірнеше адам ауыр жарақат алған еді. Кептеліс кесірін тигізген өткелде 2 жыл өтсе де ештеңе өзгермеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Мына қорқынышты кадрлер теміржолдан табытқа түсе жаздаған талай адамдардың қорқынышты түсіне айналғалы да 2 жыл болыпты. Зулаған зіл пойыз, елу адам отырған автобусты жаншып өткен еді. Бірден кептелісті сейілтеміз, темір жолды кесе көпір салынады деген шенділер шаруаны әлі бітірген жоқ. Теміржолды өтеміз деген талай тұрғынның да мерт болғаны бар. Әуелі көліктен бұрын адам аман болсын деп жүргіншілер үшін салған көпірмен көбі өтпейді. Себебі көтеріліп түсуідің өзі уақыт алады. Кембағалдар мінетін жедел саты істемейді.  

«Ол көпір биік, анаған шығуым керек.  Ол көпірдің орнына маған  жерге көпір салып берсе сол болады», – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Бекзада Төлешева.

Ал Жібек жолындағы жолдың жайы тіпті мүшкіл. Әсіресе кешқұрым пойыз жиі жүретін уақытта сағаттап кептелісте тұруға тура келеді.

«Күнде соғысады ғой бұл жерде. Ұарама-қарсы бағытқа шығып көлік жүргізеді. Бір-біріне тиіп кетеді. Сосын тұрады, кәнілі адамды таппай тұрады. Бағдарам қойған дұрыс деп ойлаймын», – деді жергілікті тұрғын Нұрсұлтан Қыниязов.

«Берекесіз бекеттен» билік те хабардар. Қауіпсіздік үшін ҚазАвтожол қосымша жол салып жатыр. Құрылысы БАКАД-тан бұрын басталған көпір тек келесі жылы бітетін көрінеді.

«Кешкісін жұмыстан шаршап шығасың. Осы Шамалғанда кептеліске тірелесің. Жүйкеге салмақ түседі», – деді жүргізуші Жетпісбай Жаңабергенов.

«Бүгінгі таңда құрылыс нысанында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ол жерде 180 адам мен 40-қа жуық техника жол жасап жатыр. Негізгі құрылыс қазір эстакадада жүргізіліп жатыр. 2023 жылы құрылысты толық аяқтаймыз», – деді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті құрылыс және реконструкция  басқармасының жетекшісі Арман Күшев

Аталған жол құрылысына қатысымыз жоқ деп ақталған жергілікті әкімдік кептеліспен күресіп-ақ келеміз дейді. Бірақ бұқара базынасына айналған көлік қозғалысы әлі шешілмеген.

«Қазіргі кезде жұмыс бабымен қалаға немесе Алтын ордаға қатынайды. Сол кезде  кешкі сағат 18:00-ден 22: 00- ге  дейін кептеліс пайда болады. Осы Шамалғанның ішінде Жібек жолы ауылы ғой қазіргі, осы жақта бізде Құрманғалиев, Жайлау, Сатпаев көшесінен кептелісті азайту үшін айналма жол салдық», – деді Қарасай ауданы Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дидар Нұрақынов.

Елдің оңтүстігі, батысы мен орталығына қатынайтын пойыздың бәрі дәл осы ауылдың ішімен жүйткиді. Сондықтан көпшіліктің көпір салынбай кептелістен көз ашпайтыны анық. Ал жұрт әзірге Шамалғандағы өткелден шыбын  жандарын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр.

Әлібек Шынтемір «Алматы» телеарнасы