Медеу ауданында Жаңа жылдық кешке 500-ден астам бала қатысты

27.12.2019 01:19

Бұл кештің ерекшелігі - мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндеге арналғандығы

Жаңа жылдық мейрамды тойлау шаһардың бірнеше аудандарында жалғасуда. Соның ішінде Медеу әкімдігі ерекше кеш ұйымдастырды. Оның ерекшелігі - мереке мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндеге арналғандығы. Онда ертегі кейіпкерлерімен қатар аудандық өнерпаздар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Барлығы 500-ден астам бала қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мұндағы негізгі ойымыз – Медеу аудандық «Нұр Отан» филиалының қолдауыменен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзіміздің ықыласымызды, көңілімізді білдіріп, балаларға жақсы көңіл сыйлау», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.      

Одан бөлек, Жаңа жыл мейрамы Әуезов пен Жетісу аудандарында да ұйымдастырылды. Мерекелік кеште көрермендер сұлу шырша жанында өткен және келе жатқан 2020 жылдың кейіпкерлерімен естелік суретке түсті. Әсерлі де көңілді әндер, керемет атмосфера, жақсы көңіл-күй осының барлығы тұрғындардың көңілінен шығып, іс-шарадан олардың кеткісі келмегені көрініп тұрды.

«Мен бұл кешке хан боп киіндім. Басында оны туфлимен киейін дедім. Бірақ, далада қыс болды. Сондықтан етікпен кидім. Басындағы тәж – әдемілік үшін», - деді шыршаға қатысушылардың бірі.

«Мен бұл костюмді әкімшілік шыршаға келу үшін кидім. Бұл – менің өмірімдегі ең ғажап күн», - деді бір бала.