Жетісу облысына қарасты Достық ауылында салынған нысанға 1 млрд 72 млн теңге бөлінген
Жетісу облысына қарасты Достық ауылында салынған жаңа спорт кешені әлі көптің игілігіне берілмей отыр. Шекара шебіндегі елдімекенде 1 млрд 72 млн теңгеге салынған нысан құрылысы аяқталмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алакөл ауданына қарасты Достық ауылындағы спорт кешені ақпанда ресми түрде ашылған. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін баласын үйірмеге бере алмай келеді. Себебі қолданысқа берілді деген нысанның құрылысы әлі толығымен бітпепті.
– «Құрылысы бітті» деп ашып берді, бірақ қолданысқа берілмеді. Достықта қыс ерекше, балалар далада ойнай алмайды. Спорт кешенінің құрылысы басталған кезде қуандық, – деді Достық ауылының тұрғыны Данияр Мағлұмбеков.
Осылай деген қараша ауыл әкімдігіне талай рет барған. Бірақ соған қарамастан, мардымды жауап бола қоймапты. Үйірме болады деп үміттенген жұрт құрылыс жұмыстары бітпеген кешеннің неге ашылу салтанатын өткізгенін түсінбейді.
– Сапасы нашарлау. Бала асырап отырғаннан кейін, осында келіп, чемпион болсын деп едік. Ашылу салтанатында болдық, – деді Достық ауылының тұрғыны Дархан Хамшанов.
Аталған мекеменің құрылысы 2020 жылдың қазанында басталған. Мәселенің мәнін білмекке, екінші тараппен байланысқа шыққан ек, мердігер компания «жұмысымызды дер кезінде аяқтағанбыз. Тек ұсақ-түйек істер қалды» деді. Ал облыстық спорт басқармасы нысанды әлі қабылдамаған. Ал неге ашылу салтанаты ерте өткенін түсіндіріп бере алмады.
– Ашылу салтанаты болды, бірақ кешен құрылысы толық аяқталған жоқ. Себебі тапсырыс беруші –құрылыс басқармасы құжаттарын жинап жатыр. Ауа райына байланысты абаттандыру жұмыстары, ішіндегі жұмыстарын жасап жатыр, – деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Саят Сарқытов.
Жауаптылардың сөзінше, спорт кешеніне штат тарту мәселесі наурызда іске асады. Ол үшін облыстық мәслихат сессиясына сұраныс берілген. Одан кейін ғана, жасөспірімдер спорттық үйірмелерге қатысатын болады.
Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Байланыс аясынан тыс ауыл: тұрғындар қоңырау шалу үшін көрші ауылға баруға мәжбүр