Ұлтарақтай жер таппай қиналған ауыл тұрғындары бас көтерді
Ақтөбеде мал бағатын ұлтарақтай жер таппай қиналған ауыл тұрғындары бас көтерді. Жергілікті халық әкімдіктегілер ауыл маңындағы жайылым жерлерді түгелдей кәсіпкерлерге сатып, елдің рұқсатынсыз үлестіріп жібергенін алға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала іргесіндегі Өрлеу ауылының тұрғындары қорадағы малын бағатын жер таппай, қиналып отырғанын айтады. Олардың айтуынша, ауыл маңындағы жазық дала жайылымға емес, біраз жылдан бері карьерге айналып кеткен.
«Ешқандай жер берілмейді, карьерді жабамыз» деп уәде береді. Бірақ халыққа ескертпеді, кеше ғана білдік жер сатылып кеткенін», – деді Өрлеу ауылының тұрғыны Серік Қожаниязов.
«Мал жаятын жер жоқ, айналаның бәрі жеке қожалық, 80 гектар жерді бау-бақша егуге беріп жіберді», – деді Өрлеу ауылының тұрғыны Сатыбалды Өтегенұлы.
Ауылда 3000 үй бар. Төрт түлікпен жан баққан жұртшылық жекенің жеріне аттап баса алмайды. Кәсіпкерлер де оларды маңына да жолатпайды. Ал көптің мәселесін шешуге шенеуніктер асығар емес.
«Жерді бөлу комиссиясы бар ғой. Сол комиссияға халық айтып отырған мәселесін көтеру керек. Оның заңдылығын, мақсатты пайдаланылуын қарауымыз керек. Ауыл маңындағы аумақтың заңдылығы тексеріледі. Қазір жекеменшікке берілген 90 гектар жерді қайтару мәселесі қарастырылуда. Бірақ оның қашан шешілетіні белгісіз», – деді Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин.
Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, қазір жекеменшікке берілген жерлерді қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ оның қашан шешілетіні белгісіз.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов , «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе