Жаңа заң 2024 жылы күшіне енеді
Енді саусақ ізі жеке куәлікке де енгізіледі. Бармақтағы өрнектердің электрондық коды Қазақстан азаматтарының паспортына да енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құжатқа биометриялық ақпаратты түгелдей енгізуді АҚШ 2004 жылы, Германия 2007, Түркия 2009, Қытай 2011 жылы бастап кеткен. Саусақ іздерін жеке куәлікке тіркеу жүйесі Қазақстанмен көршілес жатқан Ресей мен Өзбекстанда, Тәжікстан мен Әзірбайжанда бұрыннан қолданыста. «Оны бізде де іске асыру мүмкін еді, бірақ түрлі себептермен келесі жылдарға қалдырып отырды» дейді құзырлы органдар.
«Жеке куәлігін жоғалтып, атынан біреулер несие шығарып алды дегендей көптеген алаяқтыққа қатысты оқиғаларды естиміз. Соның алдын алады деп ойлаймын. Әр адамның жеке құжатында бармағының ізі тұрса, артық болмайды», – деді қала тұрғыны Саят Өмірзақов.
«Өмірде түрлі жағдай болады. Мысалы, бір адамның түрі басқа адамға ұқсайды. Аты-жөніне дейін бірдей кісілерді көргенмін. Суретіне ғана қарап ажырата алмайсың. Сондай кезде саусақ іздері ғана оларды ажыратуға мүмкіндік береді. Сондықтан өте керек нәрсе», – деді қала тұрғыны Дайыр Сыдықов.
Қазақстанда жеке куәлік пен төлқұжат 1995 жылы беріле бастады. Сол кезде 16, 25 пен 45 жасқа толғандар алды. 2009 жылы куәлікке жеке сәйкестендіру номері енгізілді. 3 жыл өткеннен кейін үлгісі тағы өзгеріп, куәлікке чип қойылды.
«Қазір қолданып жүрген куәлік чипталған. Чиптің ішінде қажетті ақпараттар толық көрсетілген. Бұл куәлік 10 жылға беріледі», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Еркін Өтегенов.
Не болса да, бұл бастама, ең әуелі криминалистердің жұмысын жеңілдетейін деп тұр. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, саусақ іздерін жеке куәліктен бөлек, паспорттарға да енгізеді. Бастама адам жоғалған жағдайда немесе түрі адам танымастай өзгерген сәтте жеке басын анықтауға, қылмыс жасаған қаскөйлерді де аз уақытта табуға көмектеседі.
«Заң күшіне енгеннен кейін куәлік алғысы келген республика азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ елде тұрып жатқандар дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндетті. 12 мен 16 жас аралығындағы балалар паспорт алғысы келсе, олар да саусақ ізін қалдырады. Бұл тек 12 жасқа дейінгі балаларға қатысы жоқ», – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айгүл Қаңлыбаева.
Дактилоскопиялық тіркеу бір-ақ рет өткізілетін болады. Одан бірде-бір саусағы немесе саусақ ізі жоқ азаматтар ғана босатылады.
Жаңа заң 2024 жылы күшіне енеді. Енді ол кезде жеке куәліктің үлгісі өзгере ме, жоқ па, белгісіз. Бір анығы, саусақ ізі куәліктегі чиптің ішінде сақталатын болады.
Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы