45 мың тұрғыны бар Арыстың 24 мыңнан астамы 70-ке жуық қоныстану орталықтарында жатыр
Арыстағы жарылыс салдарынан қайтыс болғандар саны үшеуге жетті. Осыған дейін бір әскери мен бір тұрғын өлім құшқан еді. Десе де, аласапыранда үйлерін тастап, үдере көшкен дүйім жұртты бұл жайт та тоқтата алар емес. Қалаға кіру қауіпті екеніне қарамастан, арыстықтар баспаналарына қайта оралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бастысы, алапат жарылыстан бас сауғалап кеткен бұқараға бүкіл ел жұмыла бірігіп, жан-жақтан қол ұшын созып жатыр.
Ал бүгін мемлекет халықтың қираған дүниесін төлейтіні белгілі болды.
Арыстағы эвакуациялық пункттерде 24 мыңнан астам адам тіркелсе, олар арнайы ашылған 70-ке жуық қоныстану орталықтарында жатыр. Жарылыс кезіндегі дүмпуден шошынып қалған халық ортақ қазаннан ас ішіп, мектеп бөлмелеріндегі жайма төсектерге жайғасқан соң, енді ғана ес жиып жатыр. Бұл жерде оларға тек тамақ қана емес, психологиялық кеңес пен көмек те берілуде.
«Арыс апатқа ұшырағалы бері еліміздің түкпір-түкпірінен «біз қандай көмек көрсете аламыз?» деген қоңыраулар толассыз ағылып жатыр. Алматыдан келген арнайы қор ас-ауқат беруде», – дейді арыстықтардың бірі.
«Біз 40 ерікті жиналып келіп, Арыста болған апатта зардап шеккен халыққа көмектесіп жатырмыз. Бұл – материалды және материалды емес көмек», – дейді еріктілердің бірі.
Қаланы жарылғыш заттардан тазалау әлі де жалғасып жатыр. Кешелі бері көше мен үйлердің ауласынан 130-дай жарылмай қалған снаряд тапқан. Бұл жұмысқа полициядан бөлек 1800-ге жуық әскер тартылған. Қауіпті заттарды тауып, оларды жою үшін саперлер ойлы-шұңқырлы жерлерді тексеріп, аулаларды тінтіп шықты.
«Иесіз қалған жер жетім» дейді қазақ. Қирап қалған үйлер, шатырсыз ғимараттар. 45 мың халық тұратын Арыс қазір құлазып, қаңырап тұр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев бүлінген, өртенген үйлердің иесіне өтемақы төленеді, тек құжаттары заңды болса болды дейді. Айтуынша, «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының есеп шотына үш күннен бері 263 млн. теңге жиналған. Жан-жақтан ағылған гуманитарлық көмектен келген азық-түліктерді сақтау үшін Абай ауданында арнайы қойма да ашылса керек.
«Қазақстан халқына мың да бір рахмет! Үлкен мекемелерді айтпағанның өзінде, қарапайым адамдар 5-10 мыңнан салып бастап, 50-100 мыңдап көмек беріп жатқандар қаншама?!. Сондықтан, халыққа мың алғыс! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Арыс халқына таңғы, түскі, кешкі тамақ, барлығы беріледі. Бір тиын ақша жұмсалмайды. Біз 330 млн ақша бөліп жатырмыз», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат АМАНБАЕВ.
Эвакуация кезінде 200-ге жуық баланың ата-анасынан адасып қалғанын айтқан едік. Бүгінде олар түгел дерлік ата-анасымен қауышты. Сондай-ақ Арыстағы қараусыз қалған мал-дүниені сақтау үшін 20 бақылау бекеті ашылғанын да айта кетуіміз керек.
Ең қызығы, қалаға кірудің қаншалықты қауіпті екеніне қарамастан, өз отандарына тығылып келіп-кетіп жатқандар да аз емес. Әйтсе де, иесіз қалған малына алаңдаған олардың көбі полиция тұрған бекеттерден аса алмай, үйге қайтуға рұқсат берілетін күнді асыға күтіп жүр.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы