Мемлекет басшысы Мекемтас Мырзахметұлы мен Оразақ Смағұлұлын мерейтоларымен құттықтады

17.10.2020 02:16

Алматыға іс сапармен келген мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев зиялы қауыммен кездесті

Almaty.tv

Алматыға іс сапармен келген мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев зиялы қауыммен кездесті. Өйткені биыл Абайтанушы атақты ғалым Мекемтас Мырзахметұлы және қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлұлы торқалы 90 жасқа толды. Жиында мемлекеттік хатшы президенттің атынан қос мерейтой иесіне құттықтау хатын оқып, арнайы құрмет көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өз кезегінде, Қырымбек Көшербаев елімізде жарияланған Абай жылымен тұспа тұс келген қос ардақты ғалымның туған күнімен құттықтап, өлшеусіз еңбектері жайлы айтты. Қос тұлға талай тауқыметте табаны сыздамай, сағы сынбай, қайраты мұқалмай ғылыммен айналысты. Бұл жастарға үлгі болуы керек деді.

«Соғыстың сұрапыл жылдарын бастан өткерген Кеңес үкіметінің солақай саясатына қарамастан, қазақтың рухани қазынасы мен шыққан тегін тереңнен зерделеген академиктерімізге біз қандай құрмет көрсетсекте артық емес деп айтар едім. Мекемтас ағамыз ұзақ жылдардан бері Абайтану саласына теңдесі жоқ олжа салып, өнегелі мектеп қалыптастырып келе жатқан ақсақалымыз. Отандық антропология ғылымының атасы, әлемге танымал ғұлама ғалым Оразақ Смағұлұлы туралы айтатын тәлімді әңгіме жетерлік», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ, жиында көрнекті ғалымдар тірнектеп жинаған еңбектерін көпке таныстырып, тұсауын кесті. Мекемтас Мырзахметұлы кеңес дәуірінде айтылмай қалған ақиқатты зерделеп, «Абайдың шығыстық әлемі» деп аталатын еңбекті көпшілікке көрсетті. Ал отандық антропология ғылымының негізін салушы Оразақ Смағұлұлы «Қазақ халқы және ата тегі» кітабын таныстырды.

«Оразақ аға және Мекемтас аға мерейлі 90 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер қазақ руханиятын жандандыруға зор үлес қосып келе жатырсыздар. Өз салаңыздың дамуына зор еңбек сіңіріп, жас ғалымдар үшін құнды мұра қалыптастырып келесіздер», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.